Қарабастау шағынауданына көгілдір отын жетті

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қарабастау шағын ауданында табиғи газ жүйесіне қосу рәсіміне қатысты. Бұл маңызды жоба аясында 1408 үйге көгілдір отын жеткізіліп, 9 мыңға жуық тұрғыны бар аумақ алғаш рет толыққанды орталықтандырылған газбен қамтылды.

Шымкент қаласында тағы бір маңызды инфрақұрылымдық мәселе шешімін тапты. Қарабастау шағынауданы алғаш рет толыққанды табиғи газ жүйесіне қосылып, 1400-ден аса үй көгілдір отынмен қамтылды. Осылайша 9 мыңға жуық тұрғыны бар бұл аумақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жаңа деңгейге көтерілді.

Табиғи газға қосу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті. Қала басшысы бұл оқиғаның тек инженерлік инфрақұрылым нысанының іске қосылуымен ғана шектелмейтінін атап өтті.

– Газдандыру – бұл жай ғана жүйеге қосылу емес, шағынауданның өмір сүру деңгейін арттыратын және орнықты дамуын қамтамасыз ететін маңызды қадам, – деді Ғабит Сыздықбеков.

Жоба қала әкімдігінің қолдауымен, жауапты мекемелер мен мердігер компаниялардың тығыз әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды. Жобаның аясында магистральді және орамішілік газ құбырлары тартылып, үйлерге қажетті қосылу нүктелері орнатылды.

Тұрғындар да бұл өзгерісті қуана қабылдады. Себебі бұған дейін көмір, отын секілді қатты отын түрлеріне тәуелді болып келген шағынауданда енді үй жылыту, тамақ дайындау, тұрмыстық жайлылықты қамтамасыз ету әлдеқайда жеңілдей түсті.

— Біз бұл күнді ұзақ күттік. Қыста көмір жағып, күл шығару әбігер болатын. Енді бәрі жеңілдейді, әрі таза. Осы игі іске себепкер болған әкімдік пен жұмысшыларға алғысымыз шексіз, — дейді Қарабастау тұрғыны Гүлмира Әбдіразаққызы.

Қаланың экологиялық жағдайын жақсартуда газдандыру – шешуші фактор. Қатты отыннан бөлінетін түтін мен зиянды қалдықтар қала атмосферасын ластап, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіріп келді. Табиғи газға көшу арқылы бұл мәселелердің біртіндеп шешіліп жатқаны байқалады.

Шымкент қаласы бүгінде газдандыру бойынша жоғары қарқынмен жұмыс жүргізіп жатқан өңірлердің бірі. Қала аумағын кезең-кезеңімен толықтай орталықтандырылған газ жүйесіне қосу арқылы билік өкілдері әлеуметтік әділеттілік, тұрмыс сапасы және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін кешенді түрде шешуді көздеп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *