«ДосболLIKE»: Жаңа оқу жылында барлық мектептер мен колледждерде жаңа бағдарлама іске қосылады

2025–2026 оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер мен колледждерде балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа отандық бағдарлама – «ДосболLIKE» енгізіледі.

Білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылық пен қысым көрсету әрекеттерінің алдын алу — бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта елімізде қолға алынған «ДосболLIKE» бағдарламасы оқушылар арасындағы буллингтің алдын алып, өзара сыйластық пен қолдау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Бағдарлама халықаралық тәжірибеге, балалардың әл-ауқаты индексі қағидаттарына және Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілеріне сүйене отырып әзірленген. Буллингке қарсы күресте әлемдік деңгейде тиімділігі дәлелденген әдістер негізге алынған.

Жоба пилоттық режимде еліміздің 9 өңіріндегі 50 мектепте сыннан өтіп, нәтижесінде Астана, Алматы, Абай және Жамбыл облыстарындағы білім ошақтарында үздік үлгілер қалыптасты. Бұл мектептерде «шағым → талдау → көмек жоспары → қадағалау» қағидатына негізделген жүйе сәтті енгізілді. Арнайы антибуллингтік топтар құрылып, жанжал жағдайларын шешуге арналған нақты алгоритмдер жасалды.

– Біз бұл бағдарламаны мектептегі зорлық-зомбылықтың алдын алудағы тұрақты әрі кешенді құрал ретінде қарастырамыз. Нәтижесінде ата-ана, мұғалім және оқушы арасындағы сенім артып, мектепте қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптасады, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Бүгінде 2,5 мыңнан астам мұғалім, психолог және сала мамандары арнайы даярлықтан өтті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 8 мыңнан асуы тиіс.

Қош! «ДосболLIKE» бағдарламасы жөнінде айттық. Енді «АЙҚЫН» бірыңғай жобасына тоқталайық.

Шымкент қаласында  жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Қаладағы білім беру ұйымдарының 100 пайызы бақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, лицензияланған күзетпен, сондай-ақ турникеттермен толық жабдықталған. Барлық бейнебақылау жүйесі қалалық Жедел басқару орталығына қосылған.

Қауіпсіздікті одан әрі күшейту мақсатында 2025 жылы «АЙҚЫН» бірыңғай жобасы іске қосылмақ. Бұл жоба аясында мемлекеттік мектептерде адам көп жиналатын орындарға және барлық оқу кабинеттеріне бейнебақылау камералары, өткізу жүйелері мен қосымша дабыл батырмалары орнатылады.

Осылайша, білім саласындағы қауіпсіздік тек техникалық құралдармен ғана емес, оқушылардың психологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мазмұнды бағдарламалармен де қамтамасыз етілуде. Шымкент мектептері тек білімнің емес, қауіпсіз ортаның да кепіліне айналып келеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *