Жаңа Оқушылар сарайы – жаңа оқу жылына дайын

Балалардың әлеуетін ашуда қосымша білім берудің рөлі зор. Бүгінде елімізде бұл бағыттағы инфрақұрылым жүйелі дамып келеді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бұл – әрбір азамат үшін тең мүмкіндік қағидатын қамтамасыз ететін нақты қадам», – деп атап өткен еді.

Осы бағытта салынған жаңа нысанның бірі – Шымкент қаласындағы №3 Оқушылар сарайы. 2024 жылдың наурыз айында пайдалануға берілген бұл заманауи ғимарат бүгінгі таңда мыңдаған балаға сапалы қосымша білім алуға мүмкіндік беріп отыр.

Тұран шағынауданында орналасқан зәулім сарай сыртқы сәулетімен де, ішкі мүмкіндіктерімен де көз тартады. Ақ пен қоңыр түстің үйлесімі, кең әрі жарық залдар, ыңғайлы бағыттау жүйесі – мұның бәрі балаға жайлы орта қалыптастыру мақсатында жасалған.

Кіреберістегі анықтама бұрышында отырған қызметкер әрбір келушіні жылы қарсы алып, бағыт-бағдар береді. Ал ең бастысы – балалар үшін жасалған жағдай. Мұнда шығармашылық пен спорттық бағыттағы 26 түрлі үйірме жұмыс істейді.

Мекеме меңгерушісі Мадина Құлахметқызы Молдабекованың айтуынша, қазіргі таңда №3 Оқушылар сарайында 1 600-ден астам оқушы түрлі үйірмелерге қатысады.

– Біз балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін жұмыс істеп отырмыз. Сарайда ағылшын тілі, «Жас математик», биотехнология, лего, домбыра, бейнелеу өнері, киім дизайны, қолөнер, вокал, театр, саз-керамика, қыл қобыз, прима қобыз сынды шығармашылық үйірмелер бар. Ал спорт бағыты бойынша жүзу, дзюдо, каратэ-кекушинкай, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, үстел теннисі, футбол үйірмелері жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Архимед физикасы», «Жас химик» үйірмелері де үлкен сұранысқа ие, – дейді Мадина Құлахметқызы.

Бірінші қабатта негізінен шығармашылық бағыттағы үйірмелер орналасқан. Ал балалар арасында ең үлкен сұранысқа ие үйірмелердің бірі – бассейн. 1 000 орынға есептелген бассейн бүгінде толық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Драма залы да кең әрі техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Мұнда барлық ауқымды шаралар, байқаулар мен қойылымдар өтеді.

Жаңа оқу жылы қарсаңында дайындықты пысықтаған ұжым жаңа кезеңге сақадай сай. Оқушылар сарайының жаңа ғимараты тек білім мен өнердің емес, балалық шабыттың да ордасына айналып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *