Қазақстан бойынша білім беру мекемелерінің 2025–2026 оқу жылына дайындығы жіті бақылауға алынды. ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тапсырмасына сәйкес, өңірлерге жұмыс топтары жіберіліп, жаңа оқу жылына дайындық деңгейі мен мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы тексеріліп жатыр.

Келесі оқу жылында елімізде шамамен 300 мың оқушы орнына арналған 200-ден астам жаңа мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 206 мың орындық 112 мектеп салынуда.
Оның ішінде 206 мың орындық 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 15 апатты мектеп жойылып, үш ауысымды оқыту тоқтатылады, шамамен 150 мың орын тапшылығы қысқарады, сондай-ақ ауыл мектептеріндегі оқу жағдайы қалалық стандарттарға жақындайды.
Сонымен қатар 245 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға шатырды ауыстыру, қасбеттер мен терезелерді жаңарту, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізу, мектеп ауласын абаттандыру және көгалдандыру кіреді.
Қосымша 1000 ауылдық мектепте жөндеу жұмыстары жүруде. Кітапханалар, асханалар, қауіпсіздік жүйелері жаңғыртылуда, жиһаздар жаңартылуда. Химия, физика, биология, робототехника және STEM бағыттары бойынша 1000 заманауи пән кабинеті сатып алынды.
«Білім беру саласындағы мемлекеттік бағдарламалар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Ол үшін жергілікті жерлердегі нақты жағдайды білу, көру маңызды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлу қажет», — дейді министр Ғани Бейсембаев.
Жалпы, Шымкент қаласында білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағында алты білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде:
– екі жаңа мектеп;
– үш қосымша ғимарат;
– бір жатақхана салынуда.
Жоспарға сәйкес, жаңа 2025–2026 оқу жылы басталғанға дейін үш нысанның – екі жаңа мектеп пен бір қосымша корпустың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілуі көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, биыл он білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, тоғыз мектеп пен бір балабақша ғимараты жаңғыртылуда. Аталған білім ұялары:
– №9, №10, №13, №26, №75, №99, №108, №109 мектептер,
– Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты,
– №97 балабақша.
Жөндеу жұмыстары да жаңа оқу жылына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.