Білім беру ұйымдарының 2025–2026 оқу жылына дайындығы тексеріледі

ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын және білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық деңгейін бақылау үшін өңірлерге жұмыс топтары жіберілді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қаржы департаментінің директоры Гаухар Шақаева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова, балалар құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен Айжан Наимбекова, «Өрлеу» БАҰО АҚ Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институтының директоры Меруерт Медетбекова және Шымкент қаласының білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің бөлім басшысы Ләззат Битемір бірқатар білім беру мекемелерін аралады.

Сапар барысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңадан бой көтерген №151 мектебіне болды. Заманауи білім ордасы 1500 оқушыға арналған. Жаңа оқу жылы қарсаңында есігін айқара ашпақ.

Мұнан соң делегация күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан №108 және №109 мектептерге барды. Бұл білім ошақтары реновация бағдарламасы аясында жаңартылуда. Бүгінде жөндеу жұмыстарының 95 пайызы аяқталған. Екі мектеп те жаңа оқу жылына толық дайын болады деп күтілуде.

Сонымен қатар Сайрам шағынауданында орналасқан Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің де жағдайымен танысты. Мұнда 300 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Қонақтар нысандағы жұмыс қарқынын көріп, мердігер мекеме өкілдерімен пікір алмасты.

Сондай-ақ, делегация Шымкент аграрлық-техникалық колледжіне де ат басын бұрып, оқу орнының жаңа оқу жылына дайындығын бағамдады.

Сапар соңында ағымдағы жөндеуден өткен №105 мектепке барды. Онда материалдық-техникалық базамен танысып, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында шамамен 300 мың оқушы орнына арналған 200-ден астам жаңа мектеп ашу жоспарланған. Оның ішінде 206 мың орындық 112 мектеп «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 15 апатты мектеп жойылып, үш ауысымды оқыту тоқтатылады, шамамен 150 мың орын тапшылығы қысқарады, сондай-ақ ауыл мектептеріндегі оқу жағдайы қалалық стандарттарға жақындайды.

Сонымен қатар 245 мектепте ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға шатырды ауыстыру, қасбеттер мен терезелерді жаңарту, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізу, мектеп ауласын абаттандыру және көгалдандыру кіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *