Шымкент қаласында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының әдеби-рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Абай әлемі» республикалық байқауының қорытынды кеші өтті.

Шымкент қаласында ұлы ойшыл, ақын әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Таңсәріден басталған мереке Абай саябағында ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды.
Салтанатты жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында бүлдіршіндер Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Қонақтар «Хакім Абай» музейін аралап, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар Көрме орталығында «Ұлы Даланың Ұлы Абайы» атты экспозиция ұйымдастырылып, ақын мұрасына қатысты сирек кездесетін жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.
Мерекенің қорытындысы ретінде республикалық деңгейдегі «Абай әлемі» байқауының финалдық кезеңі өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған бұл байқау 18–35 жас аралығындағы жастар арасында өткізілді. Алғашқы кезең 1 маусым мен 15 шілде аралығында өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен 117 үміткер қатысып, олардың 26-сы финалға жолдама алды.
Финалдық кеште қатысушылар Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін нақышына келтіре оқып, шығармашылығына арналған зерттеу жұмыстарын таныстырды. Қалалық әкімдіктің атынан сөз алған әкімнің орынбасары Сәрсен Құранбек Абай мұрасының жас ұрпаққа рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңірудегі маңызын ерекше атап өтті.
Байқаудың бас жүлдесі мен 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақы 6506 әскери бөлімінің қызметкері Мәлік Бекжанға бұйырды. Ал Батыс Қазақстан облысынан келген Азат Мыңбаев бірінші орынды иеленіп, 700 мың теңге көлемінде марапатталды.
Мерекелік күн қаладағы мәдениет ошақтарында өткен концерттер мен әдеби кештермен қорытындыланды.