Қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және «Жастар күніне» орай Түркістан қаласында рухани-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Абай ескерткіші жанында өткен бұл жиында көшпелі кітап көрмесі қойылып, жастар мен тұрғындарға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының төрт томдық жинағы сыйға тартылды.

Іс-шараға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің белсенді жастарымен жүздесіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әр шаңырақта Абай мен Әуезовтің шығармалары болуы керек» деген ұстанымын еске салды.
– Бұл бастаманы облыста жүзеге асыру мақсатында жастар мен қонақтарға «Абай жолы» романын табыстап отырмыз. Абай – тек ақын емес, ол – тұтас бір дәуірдің рухани темірқазығы. Бұл кітапты әр оқыған сайын жаңа қырынан танисың. Жастарымыз да терең ой, биік парасат иесі Абайдың өміріне бойлай түседі деген сенімдемін, – деді өңір басшысы.
Белсенді жастар сыйлық ретінде берілген кітапқа алғыстарын білдіріп, Абай мұрасына адал болып, оның өсиетін өмірлік бағдар ететіндерін жеткізді.
Айта кетейік, мерекелік шара аясында 180 жылдыққа орай арнайы 180 дана кітап топтамасы дайындалып, жастар мен тұрғындарға үлестірілді. Кітап көрмесінде Абайдың өмірі мен шығармашылығын арқау еткен құнды туындылар қойылды. Сондай-ақ, көрмеде Абай бейнеленген, шеберлікпен тігілген қабырғаға ілетін кілемше көпшіліктің назарын аударды. Бұл ерекше дүниені «Бал Текстиль» компаниясы қала кітапханасына тарту еткен.
Осылайша, Түркістан жастары «Абай күні» мен «Жастар күнін» терең мазмұнды, рухани іс-шарамен атап өтіп, ерекше серпіліспен тарқасты.