Жастардың еңбек нарығына сенімді қадам басуына мүмкіндік беретін өндірістік тәжірибе бүгінде тек білім мен дағдыны шыңдайтын алаң ғана емес, сонымен қатар ақылы түрде ұйымдастырылып, кәсіби мотивацияны арттыратын тиімді құралға айналып отыр.

Қазіргі таңда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Шымкент қалалық филиалында екі жоғары оқу орнын тәмамдаған түлек өндірістік тәжірибеден өтуде. Ең бастысы – олар өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтап қана қоймай, еңбекақы да алып, уақытша жұмыспен қамтылуда.
Солардың бірі – Ерқасым Худайбергенов. 2003 жылы Түркістан облысы, Мақтарал ауданында дүниеге келген. Алматыдағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында (ALT) «Автомобиль жолдары және аэродромдар» мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде бала күнгі арманы болған салада алғашқы кәсіби қадамдарын жасап, өндірістік тәжірибеден өтуде.
– Кішкентай кезімнен автомобиль жолдарына қызығып, осы салада еңбек етуді армандайтынмын. Қазір сол арманыма бір табан жақындадым. Студент кезімде «қайда барамын, жұмыс табыла ма?» деп алаңдайтынмын. Бір күні «Ярмарка вакансий» сайтынан өз мамандығыма сай жұмыс іздедім. Осы филиалда орын бар екенін көріп, университет арқылы осы жерге жіберілдім. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болды, – дейді Ерқасым Пернебекұлы.
Филиалдағы тәжірибеден өтушілер зертханалық жұмыстармен танысып, жол сапасын тексерудің әдістерін меңгеріп, нақты өндірістік процестерге қатысады.
– Болашақ жас мамандар мұнда теориялық білімін практикамен ұштастырып, тәжірибелі инженерлерден зертханалық жұмыстардың қыр-сырын үйренуде. Олардың білім-біліктілігіне қарай мекеме тарапынан еңбекақы төлеу қарастырылған. Университетті бітірген соң, үздік студенттердің жол саласында тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік мол, – дейді филиал директорының уақытша міндетін атқарушы Ермек Намазов.
Қазіргі таңда елімізде жол саласына қажетті білікті кадр тапшылығы байқалады. Осыған байланысты, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» жаңа буын жол мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бағытта жасалған әрбір қадам – студенттердің кәсіби дамуына ғана емес, тұтас саланың тұрақты дамуына серпін беретіні сөзсіз.