Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте бірқатар маңызды салалар бойынша өзекті мәселелер қаралды. Басқосуда жаңа оқу жылына дайындық, жұмыспен қамту жоспарының орындалуы және мемлекеттік сатып алулардың тиімділігі күн тәртібіне қойылды.

БІЛІМ САЛАСЫ: ЖАҢА МЕКЕМЕЛЕР, ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ
Қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы баяндама жасап, 2025 жылғы Тамыз конференциясына дайындық жайын да атап өтті. Оның айтуынша, биыл қалада білім беру ұйымдарының саны 292-ге көбейіп, жалпы 1352 мекеме ашылып, онда 397 мыңнан астам оқушы білім алмақ.
Қазіргі таңда қалада 6 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде 3 мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, 10 білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтуде.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков білім нысандарының толық дайындығын қамтамасыз етуді, жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтауды және Тамыз конференциясына сапалы дайындық жүргізуді жауапты басшыларға нақты тапсырды.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ: ЖОСПАРДАН ҚАЛМАУ ТИІС
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ж. Өтебаева 2025 жылға арналған жұмыс орындарын құру жоспары туралы мәлімет берді. Биылғы жоспар бойынша 49,6 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделген. Бүгінде нақты 18,1 мың адам қамтылып, жоспардың 36,4%-ы орындалған.
Жүргізілген шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрап отыр. Қала әкімі бұл бағытта мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырып, жастарды еңбекке тартуда жаңа әрі нақты қадамдар қажет екенін атап өтті. Басқармаларға ынтымақтаса жұмыс істеу және белсенді шаралар қабылдау тапсырылды.

ҚАРЖЫ ТӘРТІБІ: ӘР ТИЫН – БАҚЫЛАУДА
Мәжіліс барысында мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілу барысы да талқыланды. Қала басшысы бюджеттік қаражаттың тиімді әрі заңға сай жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Қазынаның әрбір тиыны тиімді жұмсалуы тиіс. Мемлекеттік сатып алу процесінде заңсыздыққа жол бергендерге қатаң шара қолданылады, – деді Ғабит Сыздықбеков.