Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады.

Салтанатты шараға әлемдік білім додаларында топ жарған 24 дарынды оқушы шақырылды. Олар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. Жас зияткерлердің жетістіктері: 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль.

Президент жастарды ғылым мен білім саласындағы табыстарымен құттықтап, олардың қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің арқасында үлкен белестерді бағындырып отырғанын атап өтті.

– Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу – оңай емес. Білімге деген құштарлық, еңбекқорлық пен табандылық – бұл жеңістің басты кепілі. Әрбір медаль – маңдай тер мен үздіксіз дайындықтың жемісі. Дарындылық – бақыт, бірақ оны дамыту қажет. Еңбексіз талант жетістікке жеткізбейді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ оқушылардың жетістігіне сүбелі үлес қосқан ұстаздар мен ата-аналарға алғысын білдіріп, олардың еңбегі лайықты марапатқа ие болуға тиіс екенін жеткізді.

– Біздің болашағымыз – білімді де білікті жастардың қолында. Олар спорт пен өнерде ғана емес, білім бәйгесінде де озық нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Былтырдан бері қазақстандық оқушылар 30-дан астам халықаралық білім сайысына қатысып, 1000-ға жуық медаль жеңіп алды. Оның ішінде 200-ге жуығы – алтын, 300-ден астамы – күміс, шамамен 500-і – қола. Бұл – еліміздің білім саласындағы қарқынды дамуының дәлелі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Президент жастарды еліміздің жарқын болашағының кепілі деп атап, оларға үлкен сенім артатынын жеткізді. Сонымен қатар, зияткер ұрпақтың Қазақстанды жаңа белестерге жетелейтініне нық сенім білдірді.

Еске сала кетейік,  Қытай Халық Республикасының Макао қаласында 2025 жылғы 7–10 тамыз аралығында өткен FIRST LEGO League Asia Open Championship 2025 халықаралық робототехника чемпионатында қазақстандық оқушылар жоғары жетістікке қол жеткізді.

Байрақты бәсекеде еліміздің намысын қорғаған бірнеше команда жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы №149 мектептің Yassi командасы өз жобасымен ерекшеленіп, Core Values Award және Engineering Excellence Award марапаттарын жеңіп алды.

Бұл жетістік – Қазақстандағы STEM-білім берудің даму қарқынын және жас ұрпақтың ғылым мен технологияға деген қызығушылығының арта түскенін көрсетеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *