Жаңа оқу жылында 83 жаңа мектеп ашылады

Қазақстанда мектеп инфрақұрылымын жаңғырту мен кеңейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Бұл бағыттағы шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда еліміздің түрлі өңірлерінде 267 мың оқушыға арналған 232 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

2025–2026 оқу жылы басталғанға дейін 115 мың оқушыны қамтитын 83 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Ал биылғы жылдың соңына дейін тағы 140 мың орынға арналған 111 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Министрдің айтуынша, білім беру инфрақұрылымын дамытудың негізгі мақсаты – балалар үшін қолайлы әрі қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыру. Осы орайда мектеп құрылысымен қатар, қолданыстағы білім беру мекемелерін жаңғырту да қолға алынған.

Биыл жалпы саны 190 мың оқушыны қамтитын 245 мектепте кең көлемді реновация бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл мектептердің шамамен 60 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін 99 мың оқушыға арналған 127 мектепте жөндеу жұмыстары толық аяқталады.

— Бұл жұмыстардың уақытылы әрі сапалы атқарылуы тікелей жергілікті атқарушы органдардың тиімділігіне байланысты. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандырып, қатаң бақылау қажет, – деді министр Үкімет отырысында.

Шымкент қаласында білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағында алты білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде:

– екі жаңа мектеп;
– үш қосымша ғимарат;
– бір жатақхана салынуда.

Жоспарға сәйкес, жаңа 2025–2026 оқу жылы басталғанға дейін үш нысанның – екі жаңа мектеп пен бір қосымша корпустың құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілуі көзделіп отыр.

Бұдан бөлек, биыл он білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, тоғыз мектеп пен бір балабақша ғимараты жаңғыртылуда. Аталған білім ұялары:

– №9, №10, №13, №26, №75, №99, №108, №109 мектептер,
– Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернаты,
– №97 балабақша.

Жөндеу жұмыстары да жаңа оқу жылына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Аталған нысандардың құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары қаладағы білім беру сапасын арттырып, оқушылар мен педагогтар үшін қолайлы әрі заманауи оқу жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *