Жұмысшы мамандықтарды дамытуға басымдық берілуде

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру саласына ерекше назар аударылып отыр. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.

Министрдің айтуынша, жұмысшы мамандықтарды таңдаған барлық студенттер колледждерде тегін оқитын болады. 2025 жылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыс бойынша 150 мың студентті колледждерге қабылдау жоспарланып отыр. Оның 70 пайызы техникалық бағыттағы мамандықтарға бөлінбек.

Жастардың жұмысқа орналасуға кепілдігі бар кәсіпорындардың мақсатты тапсырыстары бойынша оқуға түсу үрдісі де кеңейіп келеді. Соңғы үш жылда осындай студенттердің саны үш есеге артып, 30 мыңға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 45 мыңға дейін жеткізу көзделуде.

— Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі бүгінде трансформация кезеңін бастан өткеруде. Мәселен, IT-мамандарын даярлау саласында онлайн-оқыту мүмкіндігі заң жүзінде колледждерге енгізілді. Сонымен қатар, мектептермен қатар, колледждер жүйесінде де жасанды интеллект технологияларын қолдану жоспарланып отыр. Жаңа оқу жылында бес отандық колледж интернационализациядан өтеді, — деді Ғани Бейсембаев.

Министр колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың да айтарлықтай нығайып келе жатқанын атап өтті. Дуальді оқыту тәжірибесі кеңейіп, шефтік қолдау көрсететін кәсіпорындардың саны бір жыл ішінде жеті есе артып, 4 мыңға жеткен. Бизнес өкілдерімен бірлесіп, 10 мыңнан астам білім беру бағдарламасы әзірленген.

Жаңа оқу жылында 1500 колледж оқытушысы кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырады.

Шымкент қаласында техникалық және кәсіптік білім беру саласы қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда қала аумағында 42 колледж жұмыс істейді, оның 16-сы мемлекеттік, 26-сы жеке меншік. Бұл оқу орындарында барлығы 49 780 студент білім алуда. Оның ішінде 16 957-сі мемлекеттік, 32 823-і жеке меншік колледждерде оқиды.

2025–2026 жаңа оқу жылына орай, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды даярлау мақсатында 70 мамандық бойынша 8 000 талапкерді мемлекеттік тапсырыс аясында тегін оқуға қабылдау шаралары жүзеге асырылуда.

Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуға қабылдау процесі белсенді жүріп жатыр, қазіргі таңда 7 613 өтініш қабылданған.

Жастардың кәсіби білімге қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейту және нарық қажеттілігіне бейімделген білікті мамандар даярлау – қаланың басты басымдықтарының бірі. Мемлекеттік тапсырыс аясында тегін білім алуға мүмкіндік беретін бұл бағдарлама техникалық салаларда еңбек еткісі келетін жастар үшін үлкен қолдау болмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *