Jastar Fest – жаңа мүмкіндіктер мерекесі

Шымкент қаласында Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған Jastar Fest фестивалі биыл шынайы мүмкіндіктер мен жарқын бастамалар алаңына айналды.

12 тамыз күні өткен ауқымды шарада жастар тек мерекелік көңіл күйге бөленіп қана қоймай, құны 1 миллион теңгеге дейінгі гранттарға ие болу мүмкіндігін де алды.

Игі жобаларға – нақты қолдау

Фестиваль аясында өткен қалалық еріктілер бастамалары байқауының қорытындысы – күннің басты жаңалығы болды. Екі айда 36 жоба ұсынылып, олардың ішінен бес үздік идея 1 млн теңгелік грантқа лайық деп танылды. Жобалар экология, медицина, әлеуметтік қолдау және жануарларды қорғау сынды маңызды салаларды қамтыды.

Қазылар алқасы құрамында бизнес, БАҚ, қоғамдық ұйым өкілдері болды. Сонымен қатар, белсенді жастар алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Жаңа гранттар кезеңі басталды

«Jastar Fest» барысында «Жас драйв» жаңа грант маусымының басталғаны ресми түрде жарияланды. Енді шымкенттік жастар 11 қыркүйекке дейін өз идеяларын төмендегі бағыттар бойынша ұсына алады:

ActiVO – «Ерікті жас»

CityVibe – «Көрікті қала»

NOx – «Есірткісіз қоғам»

Innovation + Pulse – «Жас ғалым»

My Family – «Отбасы – басты құндылық»

Алдағы күндері «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық байқауының қабылдау мерзімі де басталады. Бұл жоба аясында ғылым, мәдениет, IT, медиа және еріктілік саласындағы ең үздік 6 бастамаға 1 млн теңгеден грант бөлінеді.

– Біз жастарға тек шабыттандыратын сөз емес, нақты қолдау мен ашық алаң қажет екенін жақсы түсінеміз. Олардың идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру – біздің басты міндетіміз, – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Көңілді мереке – жастарға лайық

Фестиваль шеңберінде «Жайдарман» жобасының танымал қатысушылары Ұлан Мамырбекұлы мен Нұрым Досбол мотивациялық сөз сөйлесе, кешкі мерекелік көңіл күйді Gentleman және Happiness топтары, Бағлан Жолдасов, DJ Romano сынды өнерпаздар қыздырып, әсерлі фейерверкпен қорытындыланды.

Бүгінде Шымкентте 400 мыңға жуық жас тұрады. Олардың 134 мыңы – студент, ал биыл 41 мыңнан астамы кәсіби білім алып, ел дамуына үлес қосуға дайын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *