Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылына дайындық қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар қала әкімінің тікелей бақылауында.

Биыл білім беру ұйымдарының саны 292-ге жетіп, білім алушылар саны шамамен 8 мыңға көбейді. Жаңа оқу жылы 1352 мекемеде 397 мыңнан астам оқушымен басталады. Оның ішінде 270 мемлекеттік мектепте – 261 060, 1086 жекеменшік мекемеде – 170 607 оқушы білім алады.
Әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан 56 430 балаға көмек ретінде 2 млрд 624 млн теңге бөлінген. Әр балаға 46 500 теңге көлемінде қолдау көрсетіледі.
Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алуға 2,1 млрд теңге қарастырылды. 11 баспамен келісімшарт жасалып, кітаптар 20 тамызға дейін толық жеткізіледі.
Қазіргі уақытта 10 білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмыстардың 85 пайызы орындалған, толық аяқталу мерзімі – 20 тамыз. Сонымен қатар 1,6 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу, пәндік кабинеттерді, кітапханаларды, асханаларды жабдықтау шаралары қолға алынған.
Оқушы орын тапшылығын жою үшін 6 жаңа нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 3 мектеп (екі жаңа мектеп пен бір қосымша корпус) жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі. Соның бірі — «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Жаңа мектептерге оқушылар қабылданып, кадрмен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілген. Бақылау камералары Жедел басқару орталығына қосылған, дабыл батырмалары мен турникеттер орнатылған. 2025 жылы «Айқын» жобасы аясында бейнебақылау, өткізу жүйесі мен дабыл батырмаларын орнату жалғасады.
Жылу маусымына дайындыққа 259,9 млн теңге бөлінген. Қатты отынның 60 пайызы, сұйық отынның 100 пайызы жеткізілді.
Барлық дайындық жұмыстары жоспарға сай орындалуда. Жаңа оқу жылында мектептер оқушыларды толық дайындықпен қарсы алады.