Шымкентте медицина мекемелерінде полиция бекеттері ашылды

Шымкент қаласында денсаулық сақтау нысандарында қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында бірқатар маңызды шаралар қолға алынды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Полиция департаментінің бастамасымен алты ірі медициналық ұйым базасында полиция бекеттері ашылып, жұмысын бастады.

Атап айтқанда, №1, №2, №3 қалалық ауруханалар, Перинаталдық орталық, Қалалық перзентхана және Балалар ауруханасында арнайы бекеттер құрылды. Бұл мекемелер — тәулік бойы жұмыс істейтін, тұрғындар жиі жүгінетін стратегиялық маңызы бар нысандар.

Полиция бекеттерінің ашылуы — оқыс оқиғаларға жедел әрекет етуге, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ішкі тәртіпті сақтауға және пациенттер арасындағы шиеленісті жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Соңғы жылдары медицина мамандарына көрсетілетін қысым мен зорлық-зомбылық деректері көбейіп отырғаны белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне қатысты құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.

Сонымен қатар, «Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы», Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығы және «Хадиша» емханасында тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, аталған мекемелерде де тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту шаралары қолға алынды. Денсаулық сақтау басқармасы бұл нысандарда тұрақты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы Полиция департаментіне ресми түрде хат жолдады.

-Медицина саласы – жоғары жауапкершілік пен үздіксіз жұмысты талап ететін сала. Сондықтан бұл салада қызмет атқаратын мамандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті, – дейді мамандар.

Қабылданған шаралар медицина қызметкерлерінің қорғалу деңгейін арттырып, денсаулық сақтау саласында қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастыруға бағытталған.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *