Шымкент қаласында 2025–2026 жаңа оқу жылына дайындық жоғары қарқында жүргізілуде. Биыл білім беру ұйымдарының саны 292-ге жетіп, білім алушылар саны 8 мыңға артып отыр. Жалпы 1 352 білім беру мекемесінде 397 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде 270 мемлекеттік мектепте 261 060, ал 1 082 жекеменшік мектепте 170 607 бала оқиды.

Қала аумағында қазіргі таңда 638 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың ішінде 71 мекеме мемлекеттік, ал 567-сі жекеменшік нысанда қызмет көрсетуде. Барлық балабақшаларда жалпы 70 699 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде мемлекеттік балабақшаларда – 16 289 бала, ал жекеменшік балабақшаларда – 54 410 бала қамтылған.
Қалада енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесі мектепке дейінгі білім саласын дамытуда елеулі оң өзгерістерге жол ашты. Биылғы жылы қалада 62 251 ваучер берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Мәселен, 2024 жылы – 19 673 бала, ал 2025 жылы – 42 578 бала осы қаржыландыру арқылы білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен бірге, қазіргі таңда балабақша кезегінде 13 768 бала тұр, оның ішінде 2 жасқа дейінгі балалар – 4 306, ал 2 мен 6 жас аралығындағы балалар – 9 462. Айта кетерлігі, 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 88,3 пайызды құрайды. Бұл – өңірдегі мектепке дейінгі білім беру жүйесінің жақсы деңгейде екенін көрсетеді.
Жан басына шаққандағы қаржыландыру мөлшері бір балаға 55 659 теңге болып белгіленген.
Алдағы жылға да мектепке дейінгі білім беру саласында ауқымды жоспарлар бар. 2025 жылы қалада 3 205 орындық 34 жаңа балабақша ашу жоспарлануда. Биылғы жылдың мамыр айында жергілікті бюджет есебінен 500 орынға ваучер бөлініп, 12 жаңа жекеменшік балабақша (813 орын) өз жұмысын бастады.
2025–2026 оқу жылында Шымкент қаласында 303 мектепте 270 мыңнан астам оқушы білім алады. Бұл мектептердің:
162-сі мемлекеттік мектеп, онда 206 317 оқушы оқиды;
141-і жекеменшік мектеп, онда 64 806 оқушы білім алуда.
Қаладағы білім беру жүйесі тұрақты дамып, сапалы білім беруге бағытталған шаралар жүзеге асуда.
Сонымен қатар, бастауыш сыныпқа қабылдау науқаны жалғасуда. Биыл 1-сыныпқа қабылдау жоспары бойынша 27 546 оқушы тіркелуі тиіс болса, 8 тамыздағы мәліметке сәйкес, қазіргі таңда 23 041 бала мектепке қабылданған.
Оқушылардың тілдік құрамына келетін болсақ, олар былай бөлінеді:
Қазақ сыныптарына – 15 786 бала;
Орыс сыныптарына – 5 032 бала;
Өзбек сыныптарына – 2 223 бала қабылданған.
Шымкент қаласының білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру саласын әрі қарай дамытуға бағытталған кешенді жоспарларды жүзеге асырып, сапалы білім беру мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлуде.
Жаңа оқу жылында қаладағы білім беру ұйымдарының саны мен білім алушылардың санының өсуі білім саласындағы жүйелі және тиімді жұмыстың нәтижесі.