Шымкент қаласында табиғатты қорғауға бағытталған «Taza Alem» атты ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды.

Бұл бастама аясында қала маңындағы маңызды су көздерінің бірі – Бадам су қоймасында кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді. Акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық сананы арттыру және жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейту.
Іс-шараға Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері, еріктілер қозғалысының мүшелері және коммуналдық мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысты. Жалпы саны 500-ге жуық ерікті жас табиғатты таза ұстауға өз үлесін қосты. Тазалыққа 7 арнайы техника тартылып, су қоймасының жағалауындағы пластик, шыны және тұрмыстық басқа да қалдықтар жиналды.
Акция нәтижесінде шамамен 7 тоннаға жуық әртүрлі қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Бұл – бір күннің ішінде жасалған ауқымды еңбек. Қатысушылар тек тазалық жұмыстарын жүргізіп қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілік жайында пікір алмасып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Taza Alem» жобасы – уақытша акция емес, тұрақты түрде өткізіліп тұруы тиіс экологиялық қозғалысқа айналуы қажет. Табиғатты қорғау және оны таза ұстау – әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі басты ұстаным болуы тиіс.
Жасыл табиғатты сақтау – келер ұрпаққа аманат. Бұл шара жастарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға, экологиялық сауаттылықты арттыруға және қоғамда белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған маңызды әрі нәтижелі қадам болды.
Бүгінгі іс-шара – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Ол қала тұрғындарын, әсіресе жастарды, табиғатқа жанашыр болып, оның болашағы үшін жауапкершілік алуға шақырады.