Қазіргі әлем жаңа технологиялық дәуірге қадам басуда. Бұл дәуірдің басты белгілері – инновацияның қарқынды дамуы мен жасанды интеллектің өмірімізге терең енуі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «озық ойлы ұлт» пен «технологиялық ұлт» ұғымдарының егіз екенін ерекше атап өтті.

– Біздің міндетіміз – жаһандық үрдістерге жедел бейімделу. Осы мақсатта білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын арттыру – аса маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні тиімді қолдану білім саласындағы теңсіздікті жоюға, оқу сапасын арттыруға елеулі ықпал етеді, – деді Президент.
Бүгінде еліміздегі мектептердің 95%-ы жылдам интернетпен қамтылған. Бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу – алдағы басты міндеттердің бірі. Мұндай мақсатқа жету үшін жерсерік жүйелерінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану ұсынылады. Бұл тек инфрақұрылымға қолжетімділік мәселесі ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік әділдіктің маңызды қағидасы болып табылады.
Сонымен қатар, озық инновациялық әдістер ерекше қажеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына жол ашып, инклюзивті ортаны дамытуға мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда елімізде мектепке және колледжге қабылдау, сондай-ақ білім беру мекемелері арасында ауысу сияқты барлық негізгі қызметтер цифрлық жүйеге көшірілген. «Электронды Үкімет» мобильді қосымшасында білім саласына қатысты барлық ақпаратты жинақтаған «Bilim» қызметі жұмыс істеп тұр.
Президент ұстаз құқығын қорғау үшін «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынды
Мұғалімнің құқығын қорғау – еліміздегі білім саласының басты мәселелерінің бірі. Мемлекет басшысы ұстаздардың өз міндетінен тыс жұмыстардан босатылғанын тілге тиек ете отырып, кейбір жергілікті билік өкілдерінің заң талаптарын өрескел бұзатынына наразылығын білдірді.
– Прокуратура органдары мұндай заң бұзушылықтарға тосқауыл қоюы тиіс. Сонымен қатар, мектептен тыс жерде, ата-аналардың жауапсыздығынан орын алған оқиғалар үшін мұғалімді жауапқа тарту орынсыз. Мысалы, Алматы облысында түлектер арасында болған қайғылы жағдайға байланысты директор мен мұғалімдер жауапқа тартылып, жұмыстан шығарылған еді. Министрлік олардың құқын қорғады, бұл дұрыс – осындай келеңсіздіктерге жол бермеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау бағытында өзгерістер енгізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің басты міндеті – мұғалімдердің қоғамдағы беделі мен мәртебесін арттыру.
Атап өтер жайт, жақында Маңғыстауда балалардың сапасыз тамақтан уланғаны белгілі болды. Осы оқиғадан кейін мектеп тамағының сапасын бақылау толықтай Денсаулық сақтау министрлігінің жауапкершілігіне берілді.
– Бұл өте дұрыс шешім. Жалпы, білім саласы – мемлекет үшін стратегиялық маңызы зор сала. Сондықтан барлық құзырлы органдар білім беру мәселелерінен тыс қалмауы тиіс, – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Қорытындылай келе, балалардың амандығы, олардың денсаулығы мен сапалы білім алу мәселелері – еліміздің болашағына тікелей қатысты ең маңызды міндеттер екені баса айтылды.