Президент: «Соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті»

Білім – ел дамуының өзегі. Ал сол білімнің шырағын жағатын – ұстаз. Осы орайда Астанада өткен дәстүрлі Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымына айрықша алғысын білдіріп, білім саласына қатысты нақты деректер мен салмақты бастамаларды жария етті.

 

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: “Мектептің жаны – мұғалім” деген. Біз өркениетті ел боламыз десек, ұстаздарға барынша жағдай жасауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы білім беру саласына ерекше назар аударып келеді. 2019 жылы Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап, білім саласын нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Соңғы жылдары осы салада қыруар жұмыс атқарылды:

Білім саласының бюджеті үш есе артты;

1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп ашылды;

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектептің құрылысы жоспарланып, 128-і пайдалануға берілді;

Білім инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 60-тан астам мектеп салынды, тағы 30-ға жуығы салынып жатыр.

Бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған ауқымды инвестиция екені сөзсіз.

Президент атап өтті:

«Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы екі есе өсті».

Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. Бұл – еліміздегі педагогтерге көрсетіліп жатқан үлкен қолдау әрі зор сенім. Сонымен қатар, мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылып, бар күш-жігерін оқу мен тәрбиеге жұмсауға мүмкіндік алды.

Бүгінде елімізде ұстаз мамандығының мәртебесі заңмен айқындалған. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, білім беру жүйесіне нақты реформалар енгізілді.

«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы бекітіліп, 74 педагог бұл құрметке ие болды;

2023 жылы екі ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды.

Бұл – елдің ертеңін тәрбиелеп отырған мұғалімге берілген ең жоғары құрметтің көрінісі.

Президент бастамасымен жүзеге асқан «Білім берудегі өзгерістердің мың көшбасшысы» жобасы аясында 332 маман мектеп директоры болып тағайындалды. Бұл – білім саласында жаңа буын көшбасшыларын даярлаудағы маңызды қадам.

«Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс», – деген Мемлекет басшысы әр педагогтың басты міндеті – сапалы білім мен саналы тәрбие беру екенін баса айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *