Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі Тамыз конференциясына қатысты. Мемлекет басшысы ұстаздар қауымының қоғамдағы орны мен ел болашағын қалыптастырудағы рөліне ерекше тоқталды.
– Ұстаз – ұлттың шамшырағы. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңіз арқылы ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Жас ұрпақтың бойына білім нәрін сеуіп, озық ойлы ұлт тәрбиелеп жүрсіздер. Халқымыздың зияткерлік қуатын арттыруға белсене атсалысып жатсыздар, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде Ыбырай Алтынсариннің: «Жақсы оқытушыны бәрінен де қымбат көремін» деген дана сөзін мысалға ала отырып, мұғалімдердің еңбегін ерекше бағалады.
– Шын мәнінде, мұғалімдер – мемлекеттік маңызы бар жұмысты атқарып жатыр. Елдің ертеңі – мұғалімдердің қолында. Сондықтан ұстаздың қоғамдағы орны әрқашан биік болуға тиіс, – деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің даму жолындағы бағыттар туралы айта келе, жаңғыру мен әділетті қоғам құрудағы мұғалімдердің жауапкершілігіне ерекше тоқталды.
– Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз. Ұлттық экономиканың жаңа бағыты айқындалды, саяси жүйе жаңғырды, қоғамның санасы өзгеріп келеді. Қазір елімізде рухы азат, ойы еркін ұрпақ өсіп келеді, – деді Президент.
Сондай-ақ, ол мемлекеттік қызметте меритократия қағидатының орнығып, «отбасылық жүйенің» жойылғанын атап өтті. Қызметке тағайындау кезінде ең алдымен азаматтардың білімі мен кәсіби біліктілігіне назар аударылатынын айтты.
– Өзгерісті енгізу – бір бөлек, оны орнықтыру – мүлде басқа дүние. Ол үшін қоғам санасы түбегейлі жаңғыруы қажет. Осы ретте сіздерге – ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Себебі, нағыз «Адал азамат» мектеп қабырғасында қалыптасады, – деді Мемлекет басшысы.