Биыл – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторы, Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл. Осыған орай сазгердің туған жері — Отырарда «Әнім сен едің» атты еске алу және ән кеші ұйымдастырылды.

Салтанатты жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев құттықтау сөз сөйлеп, тарихи мекенде өткелі отырған бұл өнер мерекесінің мәні мен маңызына ерекше тоқталды. Сонымен қатар белгілі әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек және композитордың қарындасы Райхан Домбаева сөз алып, қазақ ән өнерінің классигі Шәмшінің мұрасын ұлықтауға бағытталған игі бастамаға ризашылықтарын білдірді.
Шара қонақтары алдымен орталық алаңда орналасқан ұлы композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бұдан соң жиналғандар Шәмші Қалдаяқовтың музей-үйіне барып, онда қойылған біртуар тұлғаның музыкалық аспаптары мен жеке заттарымен танысты. Сондай-ақ арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесі мен белгілі суретші Мәлік Әлмаханның туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Концерт барысында сазгердің өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен насихатталып, ел жүрегінен орын алған әндері орындалды. Кешке Досымжан Таңатаров, Мирас пен Құралай, Хадиша Шалабаева, Еркін Нұржанов, «Меломен» тобы сынды қазақ эстрадасының танымал өкілдері, сондай-ақ Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымы қатысты. Өнерпаздардың орындауындағы Шәмші әндері көрерменге ерекше әсер сыйлап, кеш шырайын аша түсті.
Ұлы композитордың әрбір туындысы – жеке тарих. «Сыған серенадасы», «Өмір-өзен» сынды әндер сазгердің тағдыр жолынан, жан әлемінен сыр шертіп, тыңдаушыны терең ойға жетелейді. Кеш соңында жиналған жұрт әншілер тобының орындауындағы «Шалқыған Шәуілдір» әнімен Отырар аспанын әсем әуенге бөлеп, әсерлі сәтпен қоштасты.
Айта кету керек, Шәмші Қалдаяқовтың есімін ұлықтауға бағытталған жүйелі жұмыстар облыс тарапынан тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылда Алматыдағы Республика сарайында және Астанадағы «Қазақконцерт» залында филармония ұжымы «Ән аға – жан аға» атты музыкалық кеш өткізді. Бұл — Шәмші мұрасының ел жадында мәңгі сақталуына бағытталған игі істердің бірі ғана.