Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Отырар ауданына жұмыс сапары аясында бірқатар ірі өндіріс орындарын аралап, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Сапар барысында ең алдымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-не арнайы барып, заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттыруды көздеген инвестициялық жобаның тиімділігімен танысты. Жоба «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның бірлесуімен іске асырылып отыр.
Ауқымды жоба аясында жоғары стандарттағы шикізат базасын қалыптастыру, заманауи мақта өңдеу зауыттарын салу, тамшылатып суару таспаларын өндіретін өндіріс орнын ашу және өзге де инфрақұрылымдық нысандарды іске қосу көзделген.
Ертай Кенжебекұлы аралау барысында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту, жұмысшыларға қажетті жатын орындар мен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Шәуілдір ауылындағы орталық спорт алаңының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Құрылыс барысын бақылап, мердігер компания өкілдерімен кездесіп, бірқатар міндеттерді айқындады. Мердігерлер жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алаңның тамыз айында пайдалануға берілетінін жеткізді. Жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Заманауи талаптарға сай жаңғыртылып жатқан спорт нысаны ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге, футболдан түрлі жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік беретін болады.
Айта кету керек, өткен жылы Түркістан облысында 73 спорт нысанының құрылысы аяқталса, биыл 51 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар Ертай Алтаев Отырар ауданында қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған көшпелі жиын өткізіп, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақ мәселесін қозғады. Жиын барысында Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, халықпен тығыз байланыс орнатып, көтерілген мәселелерге дер кезінде назар аударып, заң аясында нақты іс-шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.
Кездесу барысында Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Жұмашбеков пен Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов баяндама жасап, тұрақтылық пен қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы жұмыстарды таныстырды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев алда тұрған бірқатар негізгі міндеттерді атап өтіп, елдің бірлігі мен татулығын сақтау жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.