Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылды. Бұл шара қала тұрғындарының табиғатқа жанашырлықпен қарап, туған жерді көркейтуге деген белсенді көзқарасын айқын көрсетті.

Қаланың барлық бес ауданында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізіліп, көшелер, аулалар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. Мәселен, Әл-Фараби ауданының Теріскей шағын ауданындағы №33, 35 және 37 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары ретке келтірілді. Балалар ойын алаңдары мен жасыл аймақтар тазартылып, тұрғындар мен коммуналдық қызмет мамандарының бірлескен еңбегі нәтижесінде аулалар жаңа кейіпке енді.

Сенбілікке қатысушылар мұндай шаралар тек тазалықты қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайтуға да ықпал ететінін атап өтті.

— Табиғат – бізге аманат. Әрбір аула мен көше, саябақтың таза болуы — келер ұрпаққа қалдыратын мұрамыз. Бүгінгі сенбілік – экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Сондықтан мұндай бастамаларға барша тұрғындар белсенді қатысуы қажет, – дейді қала тұрғындары.

Тазалық жұмыстары Шымкенттің басқа аудандарында да жоғары қарқынмен жалғасты. Абай ауданында Ақжайық шағын ауданындағы Асфендияров көшесі тазартылса, Еңбекші ауданында №30 мектептің маңы ретке келтірілді. Қаратау ауданында Нұртас шағын ауданындағы Кеңжарық және Құлагер көшелерінің бойы күл-қоқыстан тазартылып, Тұран ауданында Темірлан тас жолының бойындағы көпқабатты үйлердің аулалары абаттандырылды.

Сенбілікке қала жастары да белсенді қатысты. Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көптеген еріктілер мен жастар экологиялық шараға атсалысып, өз үлестерін қосты.

Бүгінде қала тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасының нақты нәтижесін көріп отыр. Шымкентте тазалық мәдениеті қалыптасып келеді, ал тұрғындардың бұл бастамаға деген ықыласы күн санап артуда. Халықтың пікірінше, мұндай игі істер экологиялық ахуалды жақсартып қана қоймай, көршілер арасындағы сыйластықты, қоғамдағы өзара ынтымақты да нығайтады.

«Тазалық – иманның жартысы» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл жолғы сенбілік Шымкенттің жасыл келбетін сақтап қана қоймай, қоғам мүшелерін ортақ жауапкершілікке, табиғатты қорғауға және туған жерді көркейтуге үндеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *