Темір жол – ел экономикасының күретамыры. Бұл салада тәулігіне мыңдаған жолаушы мен жүк тасымалданып, өндіріс пен халық тіршілігінің тынысы үзілмейді. Осындай ауқымды әрі жауапты бағытта табандылықпен еңбек етіп жүрген нағыз өз ісінің шеберлері бар. Солардың бірі –Акмарал Абайқызы Пазылова.

Акмарал Абайқызы – кәсібіне адалдық танытып, темір жол саласында ұзақ жылдар бойы белсенді еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол 1968 жылдың 7 тамызында дүниеге келген. Еңбек жолын 26 жыл бұрын осы салада бастап, сонымен біте қайнасқан тағдырын темір жолмен байланыстырып келеді. Бұл жылдар ішінде ол саланың барлық қыр-сырын меңгеріп, түрлі кезеңнен өткен, шыңдалған маман ретінде қалыптасты.
Акмарал Абайқызы еңбек жолын Шеңгелді станциясында пойыз қабылдаушы қызметінен бастады. Бұл – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Әр пойыздың қозғалысы, қабылдануы мен жөнелтілуі – темір жол қозғалысының қауіпсіздігі мен тәртібіне тікелей байланысты. Бұл лауазымда жүріп, ол жоғары кәсіби шеберлік пен мұқияттылықты көрсетіп, темір жол саласындағы алғашқы тәжірибесін шыңдай білді.
Жауапты қызмет атқара жүріп, ол тек техникалық біліммен шектелмей, адамгершілік, ұқыптылық, еңбекке деген құрмет секілді қасиеттерді де бойына сіңіре түсті. Көпшілікпен жұмыс істеу, әріптестермен тіл табысу, уақытпен санаспауды талап ететін бұл салада ол өз орнын берік қалыптастырды.
Қазіргі уақытта Акмарал Абайқызы Пазылова тасымалдау құжаттарын өңдеуші оператор қызметін атқаруда. Бұл қызмет те өз алдына үлкен жауапкершілік жүктейді. Темір жол бойындағы жүк және жолаушы тасымалдарына қатысты барлық құжат айналымының дұрыс әрі нақты рәсімделуі – осы мамандардың тікелей жұмысы.
Акмарал Абайқызының құжаттармен жұмыс істеудегі дәлдігі, мұқияттылығы, жұмысқа деген ұқыптылығы мен өз ісіне адалдығы – оның кәсіби деңгейінің биіктігін көрсетеді. Ол әрбір тапсырманы тиянақтылықпен орындайды. Өз саласының қыр-сырын жетік меңгерген ол жас мамандарға тәлімгер болып, тәжірибесімен бөлісіп отырады. Бұл оның тек кәсіби емес, адами келбетін де айқындайды.
Пазылова Акмарал – еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісі. Ол үшін темір жол – жай ғана жұмыс емес, өмірінің маңызды бөлігі. Әр күнін жауапкершілікпен бастаған ол кәсібін құрметтеп, үлкен ықыласпен атқарады. Осындай азаматтардың арқасында темір жол саласы дамып, халықтың сенімінен шығуда.
Ұжымдастары оның адамгершілігін, ұқыптылығын, тындырымды мінезін жоғары бағалайды. Іскерлігімен қатар, қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі оны әріптестері арасында сыйлы етеді. Еңбектегі табандылығы, өз ісіне деген берілгендігі жас мамандарға үлгі.
Осындай жандардың еңбегі – еленуге, құрметтелуге лайық. Акмарал Абайқызы Пазылова – өмірін еңбекпен өрнектеген, өз саласына адалдықпен қызмет етіп келе жатқан нағыз кәсіби маман. Ол темір жол саласының тынысын терең сезініп, өзінің қажырлы еңбегімен көпке үлгі болып отыр.