Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы жалғасуда. Биыл бұл бастамаға Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық мүшелері белсенді қатысып, әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы отбасылардың балаларына елеулі қолдау көрсетті.

Бүгін Достық үйінде өткен шара аясында қалалық ҚХА мен «Жомарт жан» жобасы шеңберінде 100 оқушыға жалпы сомасы 1,5 миллион теңге болатын мектепке қажетті құрал-жабдықтар (сөмке, дәптер, пенал, түрлі түсті қаламдар, қаламсаптар, сурет дәптері, бояу және басқа да кеңсе тауарлары) үлестірілді.
Игі іс-шараға қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Тахирбек Нишанбаев, қалалық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Арипджан Халназаров және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысып, жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға сәттілік тіледі.
Мектепке жол акциясы бір күнмен шектелмейді. Қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі бастауыш сыныпқа баратын 32 бүлдіршінге оқу құралдарын табыстауды өз жауапкершілігіне алды. Сонымен қатар, қала бойынша орналасқан 13 қайырымдылық нүктесінде этномәдени бірлестік мүшелері ұйымдастырған шаралар аясында 6 миллион теңгенің көмегі көрсетілуде. Бұл бағыттағы көмек әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балаларына бағытталған.
Қайырымдылық шараларының басты мақсаты – жаңа оқу жылында балалардың мектепке толық дайын болуына жағдай жасау. ҚХА мүшелерінің айтуынша, бұл тек материалдық көмек емес, сонымен қатар жас ұрпаққа деген қоғамның жылы қарым-қатынасы мен қолдауын білдіреді.
Жалпы алғанда, «Мектепке жол» акциясы аясында Шымкент қаласы бойынша 532 оқушыға көмек көрсетілді. Бұл мақсатқа бағытталған қаржы көлемі 7,9 миллион теңгені құрады. ҚХА мүшелері бұл игілікті істі жаңа оқу жылы басталғанға дейін әрі қарай жалғастырмақ.