Шымкентте 8 мыңнан астам бала әлеуметтік көмекпен қамтылады

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу өткізді. Ашық форматта өткен баспасөз жиынында инфрақұрылым, әлеуметтік қолдау, құқықтық қауіпсіздік және тұрғын үй саясаты сынды бірқатар маңызды мәселелер қозғалды.

Алдымен қала әкімінің орынбасары ел Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орай қолға алынған бір реттік әлеуметтік көмек туралы баяндады. Оның айтуынша, қала бюджетінен бөлінген қаржы есебінен мүгедектігі бар балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қаржылай қолдау көрсетілуде.

– Мүгедектігі бар 8323 балаға 5 АЕК көлемінде, яғни 19 660 теңгеден бөлінеді. Ал қамқоршылықсыз қалған балалар үшін 20 АЕК – 78 640 теңге қарастырылған, – деді Сәрсен Құранбек.

2025 жылы Шымкентте 26 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазірдің өзінде Әл-Фараби ауданындағы 5 үй жаңартылған. Жыл соңына дейін қалған 21 үй де толық жөндеуден өтеді деп жоспарланған.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп инфрақұрылымына ерекше назар аударылып отыр. Дарынды балаларға арналған №1 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Жалпы, қаладағы 9 мектеп толықтай жаңартылып, оқушыларды қабылдауға дайын.

– Бұл жұмыстар мектептерді тек жөндеумен шектелмейді. Біз білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз, – деді әкім орынбасары.

Баспасөз мәжілісі кезінде журналистер тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Қошқар ата өзені бойындағы кәріз жүйесі, тарифтерді көтеру мәселесі, тұрғын үйлердің техникалық жағдайы – бәрі де талқылаудан тыс қалған жоқ. Әкімдік өкілі мен жауапты басқарма мамандары әр сауалға ашық әрі нақты жауап берді.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, әкімдік тарапынан халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін жан-жақты жұмыс жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *