Шымкентте «Заманауи мектеп: озық тәжірибе мен жаңа қадамдар» тақырыбында секция бөлімі өтті

Шымкенттегі № 140 мектепте «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» ұстаздардың қалалық тамыз кеңесі аясында «Заманауи мектеп: озық тәжірибе мен жаңа қадамдар» тақырыбында секция бөлімі өтті.

Іс-шараға Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Төрәліқызы Сүлейменова, «Білім Болашағы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Қадырова, BINOM SCHOOL мектеп-лицейлерінің жетекшілері мен педагогтері, сондай-ақ қала мектептерінің басшы орынбасарлары мен мұғалімдері қатысты.

Секция жұмысының мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және заманауи мектептің даму бағыттарын айқындау, халықаралық және отандық білім беру үлгілеріне сүйене отырып, ұстаздардың кәсіби дамуына қолдау көрсету.

Секция барысында BINOM SCHOOL желісінің тәжірибесі негізінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жолдары талқыланып, заманауи педагогтің рөлі мен кәсіби құзыреттілігін арттыру тетіктері қарастырылды.

Мектептегі ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінді. Сонымен қатар, оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, балалардың шығармашылық қабілетін дамыту және бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған жобалар талқыланды.

Жалпы, секция жұмысы қатысушыларға білім саласындағы озық тәжірибелермен танысуға, өзекті мәселелерді бірлесе талқылап, жаңа шешімдер ұсынуға мүмкіндік берді.

Бұл жиын жаңа оқу жылы қарсаңында мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыруға, білім беру сапасын жетілдіруге және заманауи сын-қатерлерге жауап беретін жаңа көзқарастарды қалыптастыруға бағытталды.

Алдағы уақытта да мұндай тәжірибе алмасу мен біліктілікті арттыру іс-шаралары  жүйелі түрде өткізіледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *