Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру, экономикалық еркіндікті кеңейту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар нақты тапсырмалар жүктелген болатын.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, қабылданған өзгерістер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тікелей реттеуден біртіндеп бас тартуға негізделген. Оның орнына атаулы әлеуметтік көмек тетіктері күшейтіліп, нарықтық қатынастарды сақтау арқылы тиімді қолдау жүйесі қалыптастырылады.
«Осы өзгерістерге сәйкес біз әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тікелей реттеуден бас тартамыз және атаулы әлеуметтік көмекке көшеміз. Сауда үстемесінің 15%-ын бақылауды күшейту мақсатында әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағаларды енгізу тетігі алынып тасталады», – деп мәлімдеді министр.
Бұл өзгеріс нарықтың табиғи заңдылықтарын бұзбай, нақты мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған жаңа әлеуметтік саясаттың бір бөлігі саналады.
Бүгінде елімізде «Цифрлық азық-түлік ваучері» пилоттық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл бастама атаулы көмек көрсету саласында жаңа серпін бермек. Ваучер жүйесі арқылы әлеуметтік аз қамтылған санаттағы азаматтар белгіленген тізім бойынша азық-түлікті сауда үстемесінсіз, яғни сатып алу бағасымен алу мүмкіндігіне ие болады. Жоба көмекті әділ әрі тиімді бөлуді қамтамасыз етіп, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмалары ерекше бақылауда тұр. Жоспарланған әрбір шара нақты мерзімге сай және сапалы орындалатын болады.
«Жолдаудағы міндеттер жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Еліміздің сауда саласында ашықтық пен әділеттілік қағидаттары басымдыққа ие болады», – деді Арман Шаққалиев.