Қала көлік жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылуда

Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы және заманауи қоғамдық көлік қызметін ұсыну бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. 

Ағымдағы жылы осы мақсатта 58 жаңа автобус сатып алынып, қала тұрғындарының игілігіне берілді.  Оның 28-і – шалғайдағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарына қызмет көрсететін шағын автобустар, ал 30-ы – жолаушы сыйымдылығы жоғары заманауи көліктер. Барлық көлік құралдары желдеткіш, бейнебақылау жүйелерімен, навигациямен, заманауи төлем желісімен және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған құрылғылармен жабдықталған.

Қала әкімі  Ғабит Сыздықбеков қоғамдық көлікті жаңғырту негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтіп,  жауаптыларға автобустардың тазалығын жіті бақылауды және тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы көлікті пайдалануы үшін қозғалыс кестесін қатаң сақтауды тапсырды.

Жалпы, шаһарда экологиялық тұрғыдан тиімді әрі заманауи көлік түрлерін енгізу жоспарланған. «Shymkent Bus» ЖШС тарапынан газ-метан отынымен жүретін 179 жаңа автобусты кезең-кезеңімен жеткізу көзделген. Әр кезеңде 30–40 бірліктен пайдалануға беріліп, бұл бастама жолаушыларға қызмет сапасын арттырып қана қоймай, қаланың экологиялық ахуалына оң әсерін тигізбек.

Бүгінгі таңда Шымкентте 82 тұрақты бағыт бойынша 984 автобус күнделікті жолаушыларға қызмет көрсетеді. Оның 79-ы әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде бекітілген. Қызметті 11 көлік компаниясы жүзеге асырады. Қалалық автобустардың жалпы саны – 1173 бірлік.

Қаланың көлік жүйесін тұрақты дамыту мақсатында кешенді шаралар қабылданып, «Avtobys» жүйесі енгізілген. Аталған жүйе электронды билеттеу, диспетчерлеу, жолаушылар ағынын бақылау және нақты уақыт режимінде есеп беру сияқты заманауи технологияларды қамтиды.

Ағымдағы жылдың алғашқы 7 айында қоғамдық көлікпен 49,8 млн-нан астам жолаушы тасымалданған. Қолданыстағы автобустардың 615-і сығымдалған газ-метан отынын пайдаланса, 558-і дизель отынымен жұмыс істейді.

Қала аумағының қарқынды дамуына – жаңа тұрғын үй кешендері мен ірі өндірістік аймақтардың ашылуы, жол-инфрақұрылымының кеңеюі себепті – маршруттық желіні қайта қарау қажеттілігі туындады. Осыған орай 2025 жылы жолаушылар көлігін дамытудың жаңа кешенді схемасы әзірленуде көрінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *