Жаңашыл мектеп – сапалы білімнің алтын кілті

Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған №143 жалпы орта білім беретін мектеп заманауи білім беру стандартына толықтай сай келеді. Жаңа мектеп 2025 жылдың 9 қаңтарында пайдалануға берілген. Бүгінде бұл оқу орнында 2 500-ге жуық оқушы білім алуда.

Мектеп директоры Мейра Сүлейменованың айтуынша, білім ордасының материалдық-техникалық базасы халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталған.

– Қазіргі таңда мектебіміздің сапалық құрамы 42 пайызды құрайды. Алдағы уақытта педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы санатындағы мұғалімдермен ұжымымызды толықтырамыз деген жоспарымыз бар. Болашақта бұл мектепті гуманитарлық бағыттағы лицей мәртебесіне көтеру үшін қосымша үйірмелер мен жобалар іске қосылған, – дейді ол.

Жаңа мектептің артықшылықтарының бірі – жоғары технологиямен жабдықталған кабинеттер мен оқушылардың робототехника, ІТ бағыты бойынша жүзеге асырып жатқан тың жобалары. Жаңа форматта құрылған білім ордасының негізгі мақсаты – әр баланың қабілетін ашып, жан-жақты дамуына мүмкіндік беру.  Мектептің ашылуы ата-аналар үшін де үлкен қуаныш. Балалардың жайлы әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік жасалғанына риза ата-аналар жылы лебіздерін білдіруде.

– Тұран мөлтек ауданында екі жайлы мектеп ашылды. Соның бірі – №143 мектеп. Шүкір, бұл жерден өнерлі, талапты, зейінді балалар өсіп келеді. Енді осы мектептен үздік оқушылар мен «Алтын белгі» иегерлері шықса екен дейміз, – дейді ата-аналар комитетінің төрайымы Нұргүл Бижанова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл мектепте білім алу – әр баланың болашағына салынған сенімді инвестиция. Алдағы мақсат – лицей мәртебесін алып, өңірдегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеру дейді білім беру саласының өкілдері.

Иә, болашақ мектебі бүгіннен басталады. Ал бүгін басталған игі істің ертеңгі жемісі – білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ болмақ дейді мамандар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *