Соңғы жылдары елімізде педагог мәртебесін арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. 2020 жылдан бері ұстаздардың еңбегін заңсыз пайдалану жағдайлары үш есе азайған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінде өткен кеңесте айтылды. Жиынға облыс әкімдерінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, сондай-ақ білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары қатысты.

Басқосуда ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңның орындалу барысына ерекше тоқталды. Министрдің айтуынша, ұстаздарды міндеттен тыс жұмысқа тарту – оң тенденциямен азайып келе жатса да, кейбір өңірлерде әлі де кездесетінін жасырмады. Мұғалімді түрлі іс-шараларға күштеп қатыстыру, билет алуға мәжбүрлеу немесе ар-намысына тию фактілері бойынша нақты шаралар қабылданатынын ескертті.
– Мұндай жағдайда педагог білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан құрылған арнайы кеңеске тікелей шағым түсіре алады. Қазіргі таңда бұл кеңес туралы мұғалімдер кеңінен хабардар. Әлеуметтік желілер мен жеке қабылдаулар арқылы да бұл бағытта жұмыс жүргізілуде. Кез келген ұстаз көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы өз құқығын қорғауға толық мүмкіндігі бар, – деді комитет төрағасының орынбасары Шынар Ақпарова.
Ұстаздың өз ісіне адал болып, еш алаңсыз шәкірт тәрбиелеуі үшін мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау да жүйелі түрде көрсетілуде.
Мәселен, Шымкент қаласында «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында 1 ұстаз – «Қазақстанның Еңбек Ері», 3 ұстаз – «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», тағы 3 педагог – «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградаларына ие болды. Бұл – ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген мұғалімдердің еңбегі лайықты бағалануда деген сөз.
Бүгінде өңірде 32 мыңнан астам педагог білім саласында еңбек етіп, мыңдаған шәкіртке сапалы білім мен саналы тәрбие беруге атсалысып жүр. 2025 жылға қарай біліктілігі жоғары педагогтердің үлесін 75 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар «ҰСТАЗ» платформасы арқылы электронды форматта жүзеге асуда.
Сонымен қатар, республикалық «1000 Көшбасшы» жобасы аясында соңғы екі жыл ішінде 43 үміткер іріктеліп, 28 педагог басшылық қызметке тағайындалды. Биыл бұл жоба жалғасын тауып, 24 директордың орынбасары іріктеуден өтуде.
Ұстаз – ұлттың ұстыны. Оның қадірін көтеру – болашаққа салынған сенімді инвестиция. Бүгінгі қолға алынған жүйелі реформалар мен нақты қадамдар осы сөздің шынайы мағынасын айқындай түсуде.