Шымкент қаласында жаңа 2025–2026 оқу жылы қарсаңында «Білім беру ұйымдарының 2025–2026 оқу жылындағы білім беру саясаты мен басымдықтары» атты бірыңғай қалалық педагогикалық кеңес өтті.

Ауқымды шараға қаладағы мемлекеттік және жекеменшік 355 мектептің педагогикалық ұжымдары онлайн режимде бір мезетте қосылып, жалпы саны 30 мыңға жуық мұғалім қатысты. Жиынды Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова ашып, кеңес жұмысына төрағалық етті.

Кеңеске Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенттері А. Танирбергенова мен Р. Белгибаев, сондай-ақ академия жанындағы дидактика орталығының меңгерушісі А. Дюсенбаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А. Мейірқұлова, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің басшысы Р.С. Әліш және «Өрлеу» Шымкент филиалының директоры М.А. Медетбекова қатысты.
Кеңестің бірінші бөлімінде жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттер мен басымдықтар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда:
оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың жаңашыл әдістері,
«Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы,
жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу,
педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету.
Бұл бағыттар бойынша Ұлттық білім академиясы мен «Өрлеу» орталығының өкілдері мазмұнды таныстырылым жасап, алдағы оқу жылының нақты міндеттерін айқындап берді.
Кеңес соңында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова оқу процесін тиімді ұйымдастыруға қатысты нақты шешім қабылдап, тиісті тапсырмаларды жариялады.
Жиынның екінші бөлімінде мектеп директорлары жаңа оқу жылына арналған жылдық жоспарды бекітті, ұйымдастырушылық және шаруашылық мәселелерді қарастырды.
«Заң және тәртіп» қағидаты аясында атқарылатын шаралар бойынша Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қ.К. Тілеубердіұлы баяндама жасап, білім беру ұйымдарындағы құқықтық тәртіпті сақтау жайына тоқталды.
Кеңесті қорытындылаған басқарма басшысы Гүлназ Сүлейменова педагогикалық ұжымдарға алдағы оқу жылына арналған басты бағыттарды нақтылап берді. Ол білім сапасын арттыру, тәрбие жұмыстарын жүйелеу, цифрлық технологияларды тиімді енгізу және педагогтердің кәсіби өсуіне жағдай жасау – жаңа оқу жылының негізгі өзегі болатынын атап өтті.
Жалпы, бірыңғай педагогикалық кеңес жаңа оқу жылына тың серпін беріп, қаланың барлық білім беру ұйымдарына бірізділік пен ортақ мақсат қалыптастыруға негіз болды.