2025–2026 жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Respublica» партиясының әйелдер қанаты бірлесіп, әлеуметтік қолдауға мұқтаж балаларға арнап дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясын өткізді.

Қайырымдылық шарасы «Достық үйінде» өтті. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 70-тен астам оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар — сөмке, дәптер, қаламсап, бояу жиынтығы мен басқа да оқу құралдары табысталды. Бұл көмек балалардың жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен және толық дайындықпен бастауына мүмкіндік берді.
Шара барысында балаларға арналған аниматорлар шоуы ұйымдастырылып, түрлі ойын-сауық бағдарламалар ұсынылды. Би мен ойындар балаларға ерекше қуаныш сыйлады.
Іс-шараға «Respublica» партиясының Шымкенттегі әйелдер қанатының төрайымы Нилуфар Сайдуллаева, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева, партия мүшелері, қоғам белсенділері мен ата-аналар қатысты.
— Бала қуанса — әлем қуанады. Бүгінгі шара арқылы біз оларға қамқорлық пен мейірім сыйлауға тырыстық. Бұл — болашаққа жасалған инвестиция. Осындай акциялар балалардың білімге деген ынтасын арттырады, — деді Гүлжан Сүгірбаева.
Іс-шара соңында балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, арнайы келген қонақтар жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Бұл бастама қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттырып, мейірімділік пен қолдаудың маңызын тағы бір мәрте айқындап, барлық қатысушылардың ынтымақтастығын нығайтты. Мұндай қайырымдылық іс-шаралары балалардың болашағына сенімді қадам жасауға мүмкіндік береді, әрі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үлкен қолдау көрсетеді.
Шараның ұйымдастырушылары мен қатысушылары осы әрекеттер арқылы еліміздегі мейірімділік пен өзара көмек дәстүрін нығайтуға атсалысып, қоғамдағы бірлікті, толеранттылықты және қайырымдылықты арттыруға ықпал етуде..