Қазақстандық мұғалімдерге арналған ЖИ оқыту курсы басталды

Жаңа оқу жылы қарсаңында қазақстандық педагогтер үшін цифрлық құзыреттілікті арттыруға бағытталған жаңа онлайн оқыту бағдарламасы іске қосылды. «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промпт-инжиниринг өнері» атты курс қазіргі заман талабына сай мұғалімдердің кәсіби дайындығын жетілдіруге жол ашып отыр.

Бағдарлама UNESCO-ның білім беру саласындағы халықаралық тәжірибесіне сүйеніп әзірленіп, отандық білім беру жүйесіне бейімделген. Оқыту LMS платформасы арқылы ақысыз әрі қолжетімді форматта өткізіліп жатыр.

Курс барысында педагогтер:

жасанды интеллект құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыда қолдану тәсілдерін;

сапалы промпт жазу әдістерін;

сабақ жоспарлау мен оқу материалдарын жетілдіру жолдарын;

тестілер мен иллюстрациялар жасауды;

оқушылардың қызығушылығын арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдерді үйренеді.

Бағдарламаның негізгі ерекшелігі – жасанды интеллектіні мұғалімнің орнын басатын құрал емес, оның кәсіби жұмысын оңтайландыратын көмекші ретінде ұсынуы. Осылайша педагогтер күнделікті жұмыста уақытты үнемдеп, шығармашылыққа көбірек көңіл бөле алады.

Жоба «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, ЮНЕСКО-ның Білім берудегі ақпараттық технологиялар институтының және Халықаралық инновациялар орталығының бірлескен бастамасымен жүзеге асып отыр.

Шымкент қаласында бүгінде 32 мыңға жуық мұғалім еңбек етеді. Олардың арасынан 100 педагогтың аталмыш курстан өтуі жоспарланған. Қуаныштысы, бұл меженің 80 пайызы бүгінде толық игеріліп үлгерді.

Цифрлық дәуірде бәсекеге қабілетті ұстаз — сапалы білімнің өзегі, жас ұрпақтың болашағына бастар темірқазық. Сондықтан осындай бастамалар заманауи педагогтің кәсіби шыңдалуына жол ашып, оның білім беру кеңістігіндегі рөлін жаңа деңгейге көтереді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *