Шымкентте жекеменшік мектептер жәрмеңкесі өтуде

Шымкенттегі  Көрме орталығында жекеменшік мектептердің жәрмеңкесі басталды. Шара барысында  қаладағы бірқатар жеке меншік білім беру ұйымдары өздерінің оқу бағдарламаларын таныстырып, ата-аналар мен оқушыларға жан-жақты ақпарат ұсынуда.

– Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – қаладағы жекеменшік мектептердің білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру, ата-аналар мен оқушыларға сапалы білім алуға жаңа балама ұсыну және университет түлектеріне жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастыру. Бұл – ата-аналар үшін үлкен таңдау алаңы. Қалада жекеменшік мектеп көп болғанымен, осы жәрмеңкеге нақты жетістігі мен сапалы ұсынысы бар үздік мектептер қатысып отыр. Қазіргі кезде мемлекеттік және жекеменшік мектептерге бірдей қолдау көрсетілуде. Жекеменшік мектептердің артуы орын тапшылығын азайтып қана қоймай, жаңа бағдарламаларымен, заманауи технологиялық мүмкіндіктерімен сапаны арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, озық мектептердің тәжірибесі мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, білікті мамандар даярлау ісіне жол ашады. Сондықтан алдағы уақытта мектептердегі орын тапшылығы шешіліп қана қоймай, білім сапасы да артады деп сенемін, – деді Шымкент қаласы  білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова.

Жәрмеңкеде жекеменшік мектептер өздерінің оқу бағдарламалары мен артықшылықтарын таныстырып, ата-аналар мен оқушыларға жаңа бағыттар туралы толық ақпарат берді.

Мамандардың айтуынша, жекеменшік мектептер еліміздің білім саласында бәсекелестікті күшейтумен қатар, инвестицияны тиімді жұмсаудың үлгісін қалыптастыруы тиіс.

Айта кетейік, жәрмеңке 29–30 тамыз күндері жалғасады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілмек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *