Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы еліміздегі білім беру инфрақұрылымын сапалы жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Аталған жоба аясында соңғы екі жыл ішінде 460 мың оқушыға арналған 217 заманауи мектеп салынады.

2023 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 105 мектеп пайдалануға берілді. Ал қалған білім ошақтары 2025 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын болады.
Жаңа мектептердің төрттен бірі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында салынуда. Бұл өңірлердегі халық санының өсуі мен білім беру мекемелеріне деген сұраныстың артуы ескеріліп, жобаның негізгі бөлігі дәл осы аймақтарға бағытталды. Мәселен, Шымкент қаласында 2024-2025 оқу жылында жаңа 11 мектеп есігін ашса, биыл тағы 1 білім беру нысаны іске қосылмақ. Шымкент қаласында ұлттық жоба аясында салынған мектептерге 18 мыңға жуық оқушы қабылданады деп жоспарланып отыр.
Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменованың айтуынша, келешек мектептерінің мазмұндық құрылымы мен ішкі жүйесі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тарапынан реттеліп отырады. Басқарушы құрам мен оқу-әдістемелік негіздер де осы академияның үйлестіруімен әзірленеді.
Жаңа мектептердің басты артықшылығы – жайлылық пен заманауилықта. Типтік жобалармен салыстырғанда, бұл мектептердің көлемі 15-20 пайызға үлкен, ал техникалық жабдықталуы 4 есе артық. Барлық білім ошақтары соңғы үлгідегі жиһаздармен, интерактивті тақталармен, STEM-зертханалармен, ІТ-кабинеттермен және қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған. Сондай-ақ мектептерде инклюзивті білім беру талаптары да ескеріліп, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған бейімделген сыныптар мен қолайлы орта қарастырылған.