Білім майданында биік белестер

2025–2026 оқу жылы еліміздегі білім беру саласы үшін жаңа белестермен басталды.  8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллионнан астам оқушы білім алады.  Оның ішінде 360 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 232 мыңнан аса түлек үлкен өмірге қадам басады.

Соңғы жылдары білім инфрақұрылымын жаңарту мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылды. 2019 жылдан бері республика бойынша 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1200 жаңа мектеп бой көтерді.

Тек соңғы екі жылда — 2023 және 2024 жылдары ғана 510 мың оқушы орнына есептелген 422 мектеп пайдалануға берілген. Бұл бастамалар үш ауысымды білім беруді төрт есеге, апатты мектептер санын екі есеге және оқушы орны тапшылығын төрт есеге дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

Елдегі үшінші мегаполис – Шымкент қаласы білім саласындағы жетістіктерімен көзге түсіп отыр. Қалада үш ауысымды мектептер мәселесі түбегейлі шешіліп, білім беру мекемелерінің инфрақұрылымы жыл сайын жаңартылуда.

2025–2026 оқу жылында Шымкентте «Келешек мектептері» жобасы аясында бірқатар жаңа білім ұялары пайдалануға берілмек. Атап айтқанда:

№151 мектеп – 1500 орынға есептелген;

№152 жаңа мектеп – 1200 орындық;

№50 мектепте 600 орындық қосымша ғимараттың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілуде.

Бұған дейін, 2024–2025 оқу жылында осы жоба аясында 11 жаңа мектеп ашылған еді. Жаңа оқу жылында бұл сан 12-ге жетіп отыр.

Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты 1 352 білім беру мекемесі жаңа оқу жылын 400 мыңға жуық білім алушымен бастамақ. Оның ішінде:

Мемлекеттік мектептер саны – 270, оқушылар саны – 240 214;

Жеке меншік мектептер саны – 1 082, оқушылар саны – 156 824.

Биыл 1-сыныпқа 27 546 бала қабылдау жоспарланған болса, тамыз айының соңына дейін олардың 27 182-сі мектепке тіркеліп үлгерді. Бұл – жоспардың 98,7% орындалғанын көрсетеді.

Қала бойынша 1–11 сынып аралығында барлығы 271 123 оқушы білім алуда. Жаңа оқу жылына дайындық аясында 554 289 дана оқулық сатып алынып, толықтай мектептерге жеткізілген.

Шымкент қаласы еліміздің білім беру жүйесін дамытудағы оң өзгерістердің жарқын мысалына айналды. Үш ауысымды мектептердің жойылуы, жаңа мектептердің іске қосылуы, оқулықпен толық қамту және оқушылар санының өсімі – білім беру саласының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айғақтайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *