Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер жылы

 «Білімді ұрпақ – ел болашағының берік іргетасы» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі жаңа оқу жылының мәні мен маңызын айқындай түскендей. Биылғы 1 қыркүйек – еліміздің түкпір-түкпіріндегі барлық білім ордалары үшін тарихи күн. Алғашқы қоңырау үні шәкірттерді жаңа білім сапарына шақырып, мектеп аулаларын мерекелік көңіл-күйге бөледі.

Осындай қуанышты сәттің куәсі болған Шымкент қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы №8 мектеп-гимназияда да Білім күні жоғары деңгейде аталып өтті. Білім ордасының алаңына жиналған оқушылар мен ата-аналардың жүзінен қуаныш пен толқу сезімі қатар байқалды. Қолына гүл ұстаған оқушылардың көңілі алабұртып, жаңа оқу жылына деген дайындықтары байқалды.

Салтанатты жиын барысында мектеп әкімшілігі мен ұстаздар қауымы жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, шәкірттерге білім мен табыс тіледі. Биыл бұл оқу ордасын 143 түлек аяқтап, оның ішінде 14 оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанған. Өткен оқу жылында да білім сапасы жоғары көрсеткішпен аяқталып, 198 түлектің 25-і «Алтын белгі» иегері атанған болатын.

Мектеп тарихында өзіндік орны бар бұл білім мекемесі биыл 111 жаңа оқушыны 5-сыныпқа қабылдап отыр. Жас жеткіншектер үшін алғашқы қоңырау — тек жаңа кезеңнің бастауы ғана емес, үлкен өмірге алғашқы қадам. Ал мектеп түлектері үшін бұл күн – соңғы оқу жылының басталғанын білдіреді. Сахнаға шыққан жоғары сынып оқушылары өздеріне жүктелген сенімді сезіне отырып, алдағы маңызды кезеңге дайын екендіктерін білдірді.

Қоңырау үні – жаңа бастамалардың, тың ізденістер мен мақсаттарға ұмтылыстың белгісі. №8 мектеп-гимназиясында өткен алғашқы қоңырау салтанаты жаңа оқу жылының басталғанын білдіріп, оқушылар мен ұстаздар үшін білім жолындағы кезекті кезеңге жол ашты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *