Шымкентте «Келешек мектептері» аясында бой көтерген мектепте алғашқы қоңырау соғылды

Бүгін Қазақстан бойынша барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы салтанатты түрде басталды. Осындай мерекелік көңіл-күй Шымкент қаласындағы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №145 жалпы орта білім беретін мектепте де ерекше сезілді. Заманауи әрі жайлы оқу ордасында өткен салтанатты жиынға мектеп оқушылары, ата-аналар мен ұстаздар қауымы қатысты.

Мектеп алаңын ән мен күй тербеп, алғашқы қадамдарын жасап жатқан бүлдіршіндердің бал-бұл жанған жүзі оқу жылының басталғанын паш етті. Салтанатты шараға арнайы қатысқан қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов барша қауымды жаңа оқу жылымен құттықтап, шәкірттерге сәттілік тіледі.

— «Жаңа оқу жылы тек білім мен тәрбие ғана емес, достық пен шығармашылық табыстардың бастауы болсын. Білім жолындағы әр қадамдарыңыз жарқын болсын», — деді ол өз құттықтау сөзінде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №145 «Келешек» мектебі бүгінде қаладағы заманауи мектептердің біріне айналған. Қазіргі таңда бұл оқу орнында 1581 оқушы білім алса, оларға 109 білікті ұстаз  білім  беруде.

Мектеп ашылған уақыттан бері шәкірттері түрлі пәндік олимпиадалар мен байқауларда 600-ге жуық жүлделі орынға ие болып, білім сапасының жоғары екенін дәлелдеді. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттаған 200 бүлдіршіннің қуанышы алғашқы қоңырау үнімен басталды.

Жалпы, 2025-2026 жаңа оқу жылы еліміз үшін ауқымды көрсеткіштермен басталды. Республика бойынша 4 миллионнан астам оқушы мектепке барды, оның ішінде 360 мыңнан астам бала алғаш рет 1-сыныпқа қабылданған. Бұл – Қазақстан халқының 20 миллиондық құрамын ескергенде, ел демографиясы мен білім жүйесінің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.

Шымкент қаласы – республикадағы ең қарқынды дамып келе жатқан және халқының орташа жасы ең жас саналатын өңір. 2025 жылы қалада 27 546 бала 1-сыныпқа баруы жоспарланған. Бұл – республика бойынша алғаш мектепке барған әрбір 13 баланың біреуі – Шымкенттік деген сөз.

Бұл көрсеткіш Шымкенттің білім саласына түсетін жүктеменің жоғары екенін және мектеп құрылысы мен ұстаз дайындау ісіне ерекше назар аудару қажеттігін көрсетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *