Жаңа оқу жылы қарсаңында тағы бір білім ошағы ашылды

Білім күніне орай Шымкент қаласының Тельман шағынауданында 1200 оқушыға арналған №152 жаңа жалпы орта мектептің ашылу салтанаты өтті.

Алғашқы қоңырау үнімен тұспа-тұс келген шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, ұстаздар қауымын, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

– Жаңа оқу жылы – тек мұғалімдер үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін маңызды кезең. Бүгінгі білім алушы – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан мемлекетіміздің ең басты басымдығы – сапалы білім беру, – деді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, соңғы екі жылда Шымкент қаласында 39 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Ал «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы 12 білім ұясы бой көтеріп отыр. Бұл білім саласына көрсетіліп жатқан тұрақты қолдаудың айқын дәлелі.

Жаңа мектептің директорының міндетін атқарушы Гүлжанар Құдайбергенованың айтуынша, бүгінде оқу орнына 650 оқушы қабылданған. Алдағы уақытта мектеп 1200 балаға дейін білім беруге қауқарлы.

Салтанатты іс-шарадан соң қала әкімінің орынбасары, ардагер ұстаздар мен ата-аналар жаңа мектептің оқу кабинеттерін аралап, оқу процесіне жасалған жағдаймен танысты. Білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған: пәндік кабинеттер, интерактивті тақталар, IT және STEM сыныптары, кең спортзал, кітапхана, асхана және медициналық пункт бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы сыныптар да қарастырылған.

Жалпы, 2025–2026 жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында үш ірі нысан іске қосылды:

№151 мектеп – 1500 орындық;

№152 мектеп – 1200 орындық;

№50 мектепте – 600 орындық қосымша құрылыс пайдалануға берілді.

2024-2025 оқу жылында 11 мектеп ашылған болса, биыл қосылғанымен бірге олардың жалпы саны 12-ге жетіп отыр. Бұл – қаланың өсіп келе жатқан білім беру инфрақұрылымының көрінісі.

Айта кетейік, жаңа оқу жылында Шымкент қаласында 28 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *