Жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында кезекті білім беру мекемесі – №151 жалпы орта білім беретін мектеп пайдалануға берілді. Білім ошағы Қаратау ауданының Таскен тұрғын алабында бой көтерген.

Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтады. Өз сөзінде әкім жаңа форматтағы мектептердің сапалы және қауіпсіз білім беру үдерісін қамтамасыз етуге айрықша ықпал ететінін атап өтті.
— «Қаламыздың жастарына сапалы білімді қолжетімді ету үшін тек мектеп құрылысы ғана емес, өзге де кешенді іс-шаралар қолға алынуда. Айталық, Президентіміздің тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары қалада заманауи үлгідегі 2 оқушылар сарайы салынды. Нәтижесінде, Оқушылар сарайының саны 3-ке жетіп, оқушылардың 95 пайызы қосымша біліммен қамтылды»,– деді Ғабит Әбдімажитұлы.

Жаңа мектептің жобалық қуаты – 1500 орын. Жалпы аумағы 14 613 шаршы метрді құрайтын нысанның жылу жүйесі автономды. Мектепте 60 оқу сыныбы, 375 орынға арналған асхана, кітапхана, шеберхана, компьютер сыныптары, интерактивті панельдер, жоғары жылдамдықты интернет, 3 спорт залы, медициналық пункт, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы сыныптар қарастырылған.
Сондай-ақ білім ошағы STEM-зертханалармен, IT-кабинеттермен, интерактивті тақталармен толық жабдықталған.

Бұған дейін, 2024-2025 оқу жылында аталған жоба аясында 11 мектеп ашылған болатын. Жалпы, екі оқу жылы ішінде 12 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Айта кетейік, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты 1352 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде:
Мемлекеттік – 270 мекеме (оқушы саны – 240 214),
Жеке меншік – 1082 мекеме (оқушы саны – 156 824).
Биылғы жылы 1-сыныпқа 27 546 баланы қабылдау жоспарланған. 1 сәуірден бүгінгі күнге дейін 27 182 бала мектепке қабылданған.
2025-2026 оқу жылына арналған дайындық аясында қала мектептеріне 554 289 дана оқулық сатып алынып, толықтай жеткізілді.
Бүгінгі таңда 1-11 сынып аралығында Шымкент қаласының мектептерінде 271 123 оқушы білім алуда.