Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Тяньцзинь қаласына барды

Бүгін «Инбингуань» мемлекеттік резиденциясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин арасында келіссөздер өтті,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. 

Кездесу барысында Мемлекет басшысы тарихи Тяньцзинь шаһарында қонақжайлық көрсеткені үшін Қытай басшысына алғыс айтты. Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу туралы шақыруды зор ықыласпен қабыл алғанын атап өтті.

– Біз сіздің еліңіздің осы ұйымға төрағалық етуін толық қолдаймыз. Ұйым күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау ісіне белсене атсалысып жатырмыз. Сондай-ақ сізді Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс пен Қытайдың жапон басқыншылығына қарсы күрестегі жеңісінің 80 жылдығымен құттықтаймын. Сіздің еліңіз фашизмді жеңуге өлшеусіз үлес қосты. Қытай халқы соғыс жылдарында батылдықтың, шынайы отаншылдық пен қайтпас қайсарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Мұны барша әлем біледі және жоғары бағалайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің тікелей қолдауымен қазақ-қытай қатынастары бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатқанын ризашылықпен атап өтті.

Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік рухында нығаюда. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 44 миллиард долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш тіркелді.

– Бұл оң үрдіс биыл да сақталып отыр. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобалар жүзеге асуда. Осы сапар аясында мен Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің отырысына қатысып, Қытайдың бірқатар ірі компанияларының басшыларымен кездесемін. Сонымен қатар биыл Қазақстанда Қытай туризмі жылы өтіп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамыту үшін қолайлы жағдай жасалды. Соның жарқын мысалы – Қазақстанда «Лу Бань зертханасының» екінші және үшінші филиалдары ашылады. Сондай-ақ Бейжің қаласында Қазақстанның мәдениет орталығын ашу туралы шешіміңіз үшін Сізге зор алғысымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысуға ниет білдіргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.

Ол Бейжіңнің қазақ-қытай мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестігін тереңдетуге айрықша мән беретінін атап өтті.

– Араға екі ай салып қайта жүздесіп отырмыз. Бұл қытай-қазақ қатынастарының жоғары деңгейде дамып отырғанын көрсетеді. Сіздің төрағалығыңызбен өткен екінші «Қытай – Орталық Азия» саммиті табысты өтті. Біз Қытай мен аймақ елдері арасындағы ынтымақтастық рухына сай келетін және Қытай – Орталық Азия диалогының жаңа кезеңіне жол ашатын маңызды құжаттар қабылдадық. Сонымен қатар, қазақ-қытай қарым-қатынасына тың серпін беретін стратегиялық уағдаластықтарға қол жеткіздік. Халықаралық жағдай қандай өзгеріске ұшыраса да, Қытай мен Қазақстан – әрдайым бір-біріне сенім артып, арқа сүйей алатын стратегиялық серіктестер. Екі ел достық пен тату көршілік байланысқа адал. Біз ашықтық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарын ұстана отырып, тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын құру бағытын жалғастырамыз. Түпкі мүдде мен маңызды мәселелерде бір-бірімізге жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз. Сонымен қатар қазақ-қытай қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеру үшін ынтымақтастықты кеңейтуге ниеттіміз, – деді Қытай көшбасшысы.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылады.

Тауар айналымын ұлғайту, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру, жасанды интеллект және ауыл шаруашылығы салаларында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше аталды.

Сондай-ақ мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *