Қазақстан Республикасының Президенті білім беру жүйесінде жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу жөніндегі нақты міндеттерді белгіледі. Мемлекет басшысы цифрлық технологиялардың еңбек нарығын қарқынды өзгертіп жатқанын атап өтіп, бұл жағдай білім беру саласына ерекше жауапкершілік жүктейтінін айтты.

Президенттің айтуынша, экономиканы кешенді жаңғырту адам капиталын дамытуға тікелей байланысты. Осы бағытта қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Бұл жоба аясында салынуы жоспарланған 217 мектептің 150-і бүгінде өз жұмысын бастап кеткен. Қалған білім ордаларының құрылысы алдағы үш айда толық аяқталуы тиіс.
Цифрлық дәуірде сұранысқа ие мамандықтардың қатарында жасанды интеллектіні меңгерген мамандардың алар орны ерекше. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырыла бастаған Al-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңға жуық студентті технологиялық жобаларға тарту көзделуде. Алайда Президент жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте басталуы қажет екенін баса айтты.
– Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Осы мақсатта бірнеше нақты бастаманы жүзеге асыру ұсынылып отыр:
Мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы арнайы бағдарлама мен оқу материалдарын әзірлеу;
Мұғалімдердің жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдыларын қалыптастыру;
Қашықтан оқыту тәсілі мен ЖИ технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін жасау;
Ауылдық мектептерді сапалы біліммен қамтамасыз ететін цифрлық платформаларды дамыту.
Сонымен қатар, Президент елорданың үлгісімен балаларды дамыту орталықтарын салу тәжірибесін өңірлерге кеңінен тарату қажеттігін атап өтті. Бұл ретте жеке инвестиция тарту тетіктерін пайдалану жоспарланып отыр. Көптеген кәсіпкерлер балаларды дамыту бағытында қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген. Осыған орай, облыс әкімдеріне осы жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті бизнес өкілдерін жұмылдыру тапсырылды.