Азық-түлік қауіпсіздігі – агросаланы дамытудан басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Оның айтуынша, бұл саланы жаңа деңгейге көтеру — стратегиялық маңызы бар міндет.

Президент атап өткендей, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған реформалар соңғы жылдары кең көлемде жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан ауқымды қолдау көрсетіліп, тек биылдың өзінде шаруаларды қолдауға бір триллион теңге бөлінді. Қажетті несиелер дер кезінде берілді. Бұндай ауқымды қолдау бұрын-соңды елімізде болмаған.

Алайда, мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралар жеткіліксіз екенін айтады. Ең басты мәселе — бөлінген қаражаттың көлемінде емес, оның тиімді әрі мақсатты түрде жұмсалуы. Сондықтан, Президент Үкіметке озық агроэкономикаға көшу үшін нақты әрі жүйелі жоспар әзірлеуді тапсырды.

Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобаларға отандық және шетелдік инвесторлар белсенді қатысуда. Инвестиция көлемі 2 миллиард АҚШ долларынан асып жығылады. Бұл жобалардың нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірілген өнім әлемнің көптеген еліне экспортталады. Президент осындай жобалардың аясын кеңейтіп, әр өңірдің ерекшелігіне қарай дайын өнімді өндірістен бастап, дүкен сөресіне дейін жеткізетін тұтас логистикалық және өндірістік желі қалыптастыру қажет екенін баса айтты.

Бүгінде еліміздің түрлі аймақтарында ауыл шаруашылығының барлық сатысын қамтитын үздік агрокәсіпорындар табысты жұмыс істеп келеді. Бұл кәсіпорындар цифрландыру мен жаңа технологияларды кеңінен енгізу арқылы өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттырып отыр. Олар шикізатты өндіруден бастап, оны терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік тізбекті жолға қойған. Осындай табысты агрохолдингтердің тәжірибесін республика көлемінде таратып, оларға жан-жақты қолдау көрсету қажет.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру құзырлы министрліктер мен қоғамдық ұйымдардың негізгі міндеті екенін атап өтті. Себебі, осындай тәсіл ауыл шаруашылығына инновация мен ғылым жетістіктерін кеңінен енгізуге жол ашады. Президенттің бұл бастамасы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстанды аграрлық держава ретінде нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *