Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасына ерекше назар аударып отыр. Оның айтуынша, бұл жаңа қала еліміздің инновациялық, технологиялық және экономикалық серпілісінің символына айналуы керек.

Мемлекет басшысы қазіргі заманғы урбанизация мен технологиялық даму үлгілеріне сүйене отырып, дамыған елдердің тәжірибесін мысал етті. Әлемнің түрлі елдерінде осындай жаңа қалалар инвестиция мен инновацияның шоғырлану орталығына айналғаны белгілі. Қазақстан да осы жолды таңдауға ниетті. Alatau City-дің дәл осындай мақсатта салынуы – елдің алдағы онжылдықтағы даму бағытының айқын көрсеткіші.
Бүгінгі таңда бұл мегажобаның алғашқы қадамдары жасалып үлгерді.
Президент жуырда Қытайға жасаған ресми сапарында Alatau City жобасы үшін маңызды серіктестік келісімдерге қол жеткізгенін атап өтті. Атап айтқанда, әлемге әйгілі, Шэньчжэнь қаласының технополисіне қатысқан жетекші компаниялардың бірі енді Alatau City жобасына тікелей атсалыспақ. Бұл – Қазақстанға жоғары технология мен халықаралық инвестиция тарту ісінде ірі серпін.
Бастапқы кезеңде жобаның құны миллиардтаған доллармен бағаланып отыр. Мұндай ауқымды инвестициялар тек экономикалық өсімді ғана емес, жұмыс орындары мен жаңа кәсіпкерлік мүмкіндіктерін де қамтамасыз етеді.
Президент қала құрылысының келесі маңызды кезеңі ретінде институционалдық негіздерді қалыптастыру міндетін алға қойды. Alatau City Үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебеге ие болуы тиіс. Бұл – қала басқаруының жедел әрі тиімді жүзеге асуын қамтамасыз етуге бағытталған қадам. Мемлекет басшысы бұл мәртебе ешқандай артықшылық емес, керісінше жобаның нақты іске асуына қажетті құқықтық құрал екенін нақтылады.
Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек.
Президент Тоқаев Alatau City-дің аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуы қажет екенін қадап айтты. Бұл жоба Smart City технологияларына, жасанды интеллектке, цифрлық төлем жүйелеріне, соның ішінде криптовалютамен төлем жасауға дейінгі заманауи шешімдерді қамтуы керек.
Ол қалада тек технология ғана емес, адам өміріне қолайлы орта да басты назарда болуы тиіс. Бұл – урбанистика, экология, көлік инфрақұрылымы мен қоғамдық кеңістіктердің барлығын үйлесімді дамыту деген сөз.
Alatau City – Қазақстанның технологиялық, экономикалық және әлеуметтік болашағын қалыптастыратын ұлы жоба. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл бастама еліміздің жаңа даму кезеңіне өтуіне жол ашады.