Президент аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуді тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды. 

Президенттің айтуынша, арнайы экономикалық аймақтардың   әлеуеті толық пайдаланылмай отыр.

 «Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысы көптеген өңірде көңіл көншітпейді. Үкімет бұл бағытта терең сараптама жасап, түбегейлі шаралар қабылдауы тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сондай-ақ АЭА басқаруына отандық немесе шетелдік жеке компанияларды тарту мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) да тиімділігі төмен екенін сынға алды. Қазір олардың көбісі тек коммуналдық мүлік басқарумен шектеліп отыр. Президент Үкіметке ӘКК-ні толыққанды даму институтына айналдыруды тапсырды.

Инвестиция тарту тек орталық органдардың ғана емес, жергілікті әкімдіктердің де жауапкершілігінде болуы қажет. Осыған орай, Президент әкімдердің аймақтардағы инвестициялық ахуалға тікелей жауапты екенін нақты белгілеуді ұсынды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуді жүктеді. Бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшыларды да тарту мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.

Инвестициялық климатқа әсер ететін маңызды фактор ретінде Президент макроэкономикалық тұрақтылықты атады. Алайда қазіргі таңда жоғары инфляция экономикалық өсім мен халық табысын тежеп отырғанын да ерекше атап өтті.

«Бұл – тек біздің елге тән емес, жаһандық түйткіл. Дегенмен, оны шешу үшін батыл әрі жауапты қадамдарға бару қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке біртұтас команда ретінде жұмыс істеу қажеттігін ескертті. «Қазір әркім көрпені өзіне тартатын кез емес», – деп қадап айтты Президент.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *