Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамытуға тың серпін беру қажеттігін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, бұл салада соңғы бес жылда бірқатар елеулі жетістіктер бар. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосымша құны екі есеге өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтаған. Оның ЖІӨ-дегі үлесі – 12,4 пайызға жетті.
163 жаңа өндіріс орны іске қосылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ірі жобалар Алматы, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарында жүзеге асырылған. Биыл Алматыда еліміздегі ең ірі автокөлік шығаратын зауыт жұмысын бастады.
Соған қарамастан, Мемлекет басшысы бұл нәтижелерді жеткіліксіз деп бағалады. Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру қажет екенін айтты. Президент ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнімдерге басымдық беру керек екенін қадап айтты.
Оның айтуынша, қазір бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыс жүйесіз. Қолдау шараларын әртүрлі институттар әрқилы талаппен іске асырады, бұл өз кезегінде кәсіпкерлерді шатастырады. Сондықтан Президент бұл саланы реттеп, үйлестіруді толығымен қолға алу қажет екенін мәлімдеді. Тау-кен металлургиясы – сенімді тірек
Мемлекет басшысы тау-кен металлургия саласын Қазақстанның индустриялық дамуындағы сенімді тірек деп атады. Қазіргі уақытта оның экономикадағы үлесі – 8 пайыз. Бұл салада, әсіресе, терең өңдеу бағытында үлкен әлеует бар.
Президент сирек кездесетін металдар мен маңызды шикізат түрлеріне жаһандық сұраныс артып жатқанын айтып, Қазақстанның осы салада өз орнын табуына толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Алдағы үш жылда тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш жаңа кәсіпорын ашу тапсырылды. Сонымен қатар, Үкіметке көмірсутек шикізатын терең өңдейтін жобаларды іске асыру міндеті жүктелді.
Атап айтқанда:
Атырауда ірі газ-химия кешенінің құрылысы басталды;
Павлодарда сұйытылған газды терең өңдеу жобасы қолға алынды.
Президент бұл өндірістердің уақытында іске қосылуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ілеспе газ бен сұйытылған мұнай газын тиімді пайдалану мәселесін түбегейлі қайта қарау қажет екенін айтты. Оларды толыққанды экономикалық ресурсқа айналдыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс.