Президент: Геологиялық барлау – ел болашағы үшін стратегиялық міндет

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлау саласын елдің экономикалық қауіпсіздігі мен ұзақмерзімді дамуы үшін стратегиялық маңызды бағыт ретінде атады. Бұл туралы Мемлекет басшысы өз Жолдауында мәлімдеді.

Президент еліміздегі аэро-геофизикалық зерттеулердің әбден ескіргенін сынға алды. Бүгінде Қазақстанның жер қойнауына қатысты деректері толық әрі заманауи әдіспен қайта зерделеуді қажет етеді. Мемлекет басшысы бұл олқылықтың орнын цифрлық құралдарды пайдалану арқылы толтыру керек екенін айтты.

«Цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жер қойнауының заманауи картасын жасайтын уақыт келді. Мұндай қадам кен орындарының әлеуетін жаңа сапалық тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Оның айтуынша, бұл жұмысқа халықаралық сарапшыларды тартуға толық негіз бар. Себебі геологиялық барлау – ғылыми дәлдік пен терең зерттеуді талап ететін күрделі сала.

Президент геологиялық барлау жұмыстарының ғылыми негізде жүргізілуі қажеттігін баса айтты. Осыған байланысты ол 2025 жылдың ортасына дейін халықаралық стандарттарға сай сертификатталған зертхана ашу туралы нақты тапсырма берді. Бұл зертхана Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құрылатын болады.

Мұндай зертхана Қазақстанның пайдалы қазбаларына қатысты зерттеулердің сапасын арттырып, шетелдік инвесторлар үшін еліміздің геологиялық деректеріне деген сенімділікті күшейтеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жер қойнауына қатысты барлық мәліметтерді цифрландыру керектігін атап өтті. Бұл процесте жасанды интеллект (AI) технологияларын енгізу ұсынылып отыр. Осы арқылы мәліметтерді жүйелеу, талдау және болжау мүмкіндіктері жаңа деңгейге көтерілмек.

Президент Тоқаев геологиялық барлау саласының ауқымды инвестицияны қажет ететінін де ашық айтты. Бұл – тек мемлекеттік емес, жеке және шетелдік инвестицияны тарту арқылы шешілетін мәселе.

«Геологиялық барлау саласы ауқымды инвестицияға мұқтаж. Үкімет бұл өзекті мәселені ескеру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Шетелдік инвесторлар үшін ашық әрі түсінікті ережелер қалыптастыру – геологиялық барлау саласындағы реформалардың маңызды бөлігі.

Президент Үкіметке геологиялық барлау мен жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалардың заңдық және іс жүзіндегі рәсімдерін 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *