Шымкент қаласының мектептерінде жаңа оқу жылының басталуымен қатар оқушыларға арналған тәрбиелік әрі ақпараттық маңызы зор жоба – «Прокурорлық сағат» бастау алды.

Іс-шараны Шымкент қаласының Білім басқармасы мен Қалалық прокуратура бірлесе ұйымдастырды. Оған қаладағы 290 мектепте оқушылары, құқық қорғау саласының ардагерлері мен уәкілетті органдардың өкілдері қатысты.
Шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және заңға бағынышты, саналы азамат тәрбиелеу.
– Бұл іс-шара бүкіл қала аумағында тұрақты түрде жүргізіледі. Құқық қорғау ардагерлері де белсенді атсалысуда, – деді Шымкент қаласы прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Бекжан Батырбекұлы.
Кездесу барысында жастардың мінез-құлқына ең алдымен олардың ортасы әсер ететіні айтылды. Құрбы-құрдастарының дұрыс бағытта болуы – қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Жиында оқушылар тек тыңдаушы ретінде емес, белсенді қатысушы ретінде өз ойларымен бөлісті. Олар қатарластарын заңсыз әрекеттерден аулақ болуға шақырып, жауапкершілік пен тәртіпке мән беруге үндеді.
Іс-шара барысында оқушыларға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған «Айдос» жобасы таныстырылды. Сонымен қатар, TikTok-тағы @IDos аккаунты көрсетіліп, әлеуметтік желі арқылы жасырын түрде байланысу жолдары түсіндірілді.
– Жиынның мақсаты – жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру. Құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары таныстырылып, құқықтық сауаттылықты арттыру көзделді, – деді Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысының міндетін уақытша атқарушы Аружан Әлжан.
Шараға білім басқармасы, ұстаздар мен оқушылар белсене қатысып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өз үлестерін қосты.
«Прокурорлық сағат» – жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы маңызды әрі мазмұнды бастама ретінде бағалануда.