Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішовтың төрағалығымен Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауына қолдау білдіру, нақты міндеттер мен алдағы жоспарларды талқылау бойынша жиын өтті.

Жиынға облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Алмас Салимов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ барлық аудан мен қалалық мәслихат төрағалары бейнебайланыс арқылы қатысты.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздегі маңызды құжаттардың бірі. Жолдау жасанды интеллект және цифрлық даму, инвестиция тарту, туризмді дамыту, су және инфрақұрылым, спорт және басқа да салаларды қамтып отыр. Маңызды құжатта көтерілген бұл мәселелердің барлығы қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған, – деді Нұралы Әлмаханұлы.

Сондай-ақ Президент елімізге инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңғыртып, әсіресе өңдеу өнеркәсібіне көбірек қаржы тарту қажеттілігіне тоқталды. Инвестиция тарту – әрдайым маңызды мәселе. Сондықтан, бұл бағытта белсенді әрекет етіп, инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ұмтылуымыз қажет. Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру арқылы еліміз дамудың жаңа деңгейіне көтеріледі. Сондықтан барлығымыз Президент бастамаларын қолдап, бірлік пен ынтымақты арттырып, жұмыла жұмыс істесек, көзделген мақсаттарға жететініміз сөзсіз, – деді ол.
Сонымен қатар, Нұралы Әлмаханұлы барлық депутаттарды ауыл-аймақтардағы тұрғындармен кездесулер барысында Жолдауды кеңінен насихаттап, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруға белсене қатысуға шақырды.

Жиынның күн тәртібінде жеке меншік медициналық қызмет көрсететін процедуралық кабинеттердің жұмысы туралы да мәселе қаралды. Бұл бағытта өңірде уақытша депутаттық комиссия құрылып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және аталған бөлімшелердің қызметімен танысу ұсынылды. Себебі, халықтың саулығы мен денсаулыққа қатысты келеңсіз жағдайлардың алдын алу – басты міндеттердің бірі.
Нұралы Әлмаханұлы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев бұл бағытта өңірдегі барлық депутаттар белсенділік танытады деген сенім білдірді. Мемлекет басшысының Жолдауында да медицина саласы мен салауатты ұлт қалыптастыруға қатысты нақты бағыттар көрсетілген болатын.
Сондай-ақ жиын барысында облыстағы барлық мәслихаттар арасында кіші футболдан турнир өткізу мәселесі де талқыланды. Бұл жарыс депутаттар арасында дәстүрге айналған. Халық қалаулылары салауатты өмір салтын насихаттап, өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін жобаларды әрдайым қолдап келеді.